13 Қазан 2026, 18:55 Фото: Ақорда

Король Филипп: Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастығын тереңдетуге мүмкіндік мол

Король Филипп Брюссельде және Астанада Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға қажетті алғышарттардың барлығы бар екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

– Еуропалық одақтың дәл ортасында орналасқан Бельгия Еуропа нарығына шығатын қақпа ретінде елеулі рөл атқарады. Сондай-ақ технология, инновация, таза энергетика, логистика және халықаралық сауда саласында айтарлықтай тәжірибеге ие. Ал Қазақстан еуразиялық кеңістіктің маңызды аумағы саналады. Географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуының және мол табиғи ресурстарының арқасында Қазақстан әлем экономикасында ерекше орны бар аймақтық сауда, инвестиция және жасыл экономиканы дамыту орталығына айналды. Мұның бәрі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге шынайы негіз болады, – деді ол.

Бельгиялықтар Королі екі елдің бизнес өкілдерін энергетика, аса маңызды минералдар, көлік-логистика, қаржы және туризм сияқты перспективті салаларда ықпалдастықты жандандыруға шақырды.

– Бельгия мен Қазақстанның арасы географиялық жағынан алшақ болғанымен, мақсат-мұраттарымыз, амал-әрекеттеріміз және табандылығымыз тұрғысынан өте жақын елдерміз, – деді Король Филипп.