Көркем шығармаларда «көретін боламыз» деп орыс тілінің орамымен сөйлейтін кейіпкерлер көбейді – жазушы

Алматы, BAQ.KZ  тілшісі. Қазір журналист жазушылар көбейіп кетті. Солардың көбі термин сөзді тақырып етіп алады. Мысалы, «Лифты», «Бильярд», «Подъезд» деген әңгімелер көбейіп кетті. Бұл туралы 2018 жылы шыққан көркем шығармаларды талқылауға арналған жиында проза кеңесінің төрағасы, жазушы Қуандық Түменбай айтты.

Оның айтуынша, қазір кейбір жазушылар термин сөздерді тақырып етіп алса, кейбірі орыс тілінің орамымен сөйлетуге тырысады.

«Бұрын Сайын Мұратбековтың әңгімелерін оқығанда бірде-бір термин сөз көрмейтінбіз. «Қылау» дейді, ол не екен деп жанымызды салып оқитынбыз. Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» дейді, Қалиқан Ысқақов «Қоңыр күз» дейді, бұл не деп оларды қызыға оқушы едік. Қазір «Министр» деп тақырып қойып қояды. Оның министр туралы шығарма екенін бірден біліп оқимыз. Осы қазір «модаға» айналды. Бұл дұрыс емес», - деді Қуандық Түменбай

Жазушы сонымен қатар, 2018 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналына жарияланған көркем шығармаларға тоқталып өтті.

«Жұлдыз» журналына белгілі жазушы Думан Рамазанның, Жанар Әбдішеваның әңгімелер топтамасын, Нұрлыбек Саматтың «Айғырлар» әңгімесін тұщынып оқыдық. Думан тарихи тақырыпты едәуір игерсе де, «Алаң» әгімесіндегі 1979 жылғы неміс автономиясы жайлы жазуда сыр беріп, қиналып қалмаспа екен деп едік. Дегенмен, ол ойдағыдай, сәтті алып шығыпты. Белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым кейінгі жылдары ересектерге арнап тәуір дүниелер жазып жүр. Бұл сөзімізге 2018 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналына жарияланған хикаят әңгімелері айғақ», - деді жазушы. 

Сонымен қатар ол, қайткен күнде де қазақ прозасы қарқынды өсу үстінде екенін айтып өтті.

«Тақырыптық, жанрлық, формалық және ізденіс тұрғысынан да алға ілгерілеу бар. Біздің қатарластарымыз бен жас жазушылар да бұрын көтерілмеген тың тақырыптарды көтеріп, қордаланған мәселелерді қозғауда», - деді проза кеңесінің төрағасы Қуандық Түменбай.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы