Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары оқуға қабылдауды жүргізуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштерінің, Құрлық әскерлерінің әскери институттары, сондай-ақ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институттары курсанттарды қабылдауда.
Қабылдау процесі төрт кезеңнен тұрады: кәсіби-психологиялық іріктеу, медициналық куәландыру, дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру, конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау. Құрлық әскерлерінің Әскери институты биылғы жылы 285 курсантты оқуға қабылдауға дайын, ал оқуға түсуге ниет білдіргендер саны 500 адамнан астам. Әскери оқу орны Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлайтын оқу орындарының тізбесіне енген, сондықтан оқуға Қырғызстаннан он және Тәжікстаннан үш курсант қабылдау жоспарланып отыр.
250-ден астам адам Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына оқу түсуге үміттеніп отыр. Биылғы жылы ұшқыштар институты оқуға қабылдау үшін 132 орын бөліп отыр. ҰҚШҰ шеңберінде әскери кадрлар даярлау туралы келісімге сәйкес Тәжікстаннан келетін білім алушыларға сегіз орын бөлінді.
Әскери оқу орнында курсанттар әуе кемелерін, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға оқытылып-үйретіледі, авиациялық техника мамандары, сондай-ақ әскери дәрігерлер даярланады.
Биылғы жылы әскери медицина бойынша оқыту үшін 25 орын бөлінгенін атап өту қажет. Болашақ әскери дәрігерлерді даярлау М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті базасында жүзеге асырылатын болады. Бағдарламаға «бакалавриат» және «интернатура» енгізілді. Бакалавриатты аяқтағаннан кейін «медицина қызметінің лейтенанты» әскери атағы беріледі. Интернатурада оқыған кезде әскери интерндерге ақшалай үлес пен тұрғын үй төлемі төленеді.
Оқуды бітіргеннен кейін әскери медицина мамандары Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде қызмет өткереді. Кепілді жұмыспен қамтудан және жақсы жалақыдан басқа, олар әскери қызметшінің әлеуметтік пакетімен қамтамасыз етіледі. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына 300-ден астам абитуриент оқуға түсуге ниет білдіруде.
Алайда, оқуға олардың тек 120-сы қабылданатын болады. Қырғызстаннан келген курсанттар үшін үш орын бөлінді. Институт радиобайланыс және радионавигация, радиотехника, зениттік зымыран кешендері, әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс, байланыс және автоматтандырылған әскери мақсаттағы құралдар, ақпаратты қорғауды ұйымдастыру және технологиялар мамандарын даярлайды.
Оқуға түсетін кандидаттарды іріктеу 10 тамызда аяқталады. Келесі күні мандаттық комиссиялардың шешімдері жарияланатын болады. Жоспарға сәйкес 12 тамыздан бастап курсанттардың әскери ант қабылдауына дайындық басталады.