Қорғаныс министрі VII АрХО-2021-дің ашылуына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеу түбіндегі Алабиноның «Патриот» паркінде Армиялық халықаралық ойындардың ашылу рәсімі өтті.

Осы шараға армия генералы Сергей Шойгудың шақыруымен Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қатысты.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин армиялық ойындарды салтанатты түрде аша отырып, халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы және әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін арттырудағы әскери сайыстардың маңызын, сондай-ақ қатысушылардың және жарыстар өткізілетін орындар географиясының ауқымы ұлғайып келе жатқанын атап өтті.

«АрМИ – 2021» шеңберінде 22 тамыз бен 4 қыркүйек кезеңінде 11 мемлекеттің аумағында 40-тан астам ел қатысқан 34 конкурс өтеді. Қазақстанның Қарулы Күштері 11 конкурсқа қатысады. Қазақстан аумағында 2 конкурс – «Артиллериядан оқ ату шебері» және «Сұңқар аңшылығы» өтеді.

Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Сонымен қатар, ол танк биатлонына қатысатын Қазақстан командасының басшылығымен кездесіп, әскери қызметшілердің дайындығын талқылады. Оларға Қарулы Күштер жеке құрамының атынан сәттілік тіледі.

Қорғаныс министрі биыл да өткен жылғыдай Ойындармен бір уақытта «Патриот» паркінде өткізіліп жатқан «Армия – 2021» халықаралық әскери-техникалық форумында болды. Қазақстан қорғаныс ведомствосы жұмыс тобының өкілдері Қарулы Күштерге қажет болуы мүмкін әуе шабуылына қарсы қорғаныс және ұшқышсыз ұшатын авиациялық жүйелер саласындағы әлемнің жетекші өндірушілері шығарған қазіргі заманғы әскери техниканың жекелеген үлгілерімен танысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы