Кореяда сотталғандарды елге қайтаратын заң қабылданды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында сенаторлар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы кезекті шартты ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады.
Бас прокурор орынбасары Марат Ахметжанов бұл шарт сотталған адамдарды беру туралы екенін айтты.
Бұған дейін құқықтық көмек көрсету және қылмыс жасаған адамдарды ұстап беру туралы шарттарды Парламент бекітті. Біздің еліміз үшін шетелде жүрген азаматтарды қорғау – Конституция жүктеген міндет. Конституцияға сәйкес еліміз өзінен тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді, - деп атап өтті ол.
Бас прокурор орынбасары атап өткендей, шетелде сотталған адамдарды тұрған жеріне, әлеуметтік ортасына жазасын өтесе, қоғамға қайта бейімделіп кетуге оң әсер етеді. Бүгінгі шарт – сотталған адамдарды беру жолдарын реттейді.
Марат Ахметжанов сотталған адам қандай жағдайларда берілетініне тоқталды.
- егер сотталған адам біздің не Оңтүстік Кореяның азаматы болса;
- сот үкімі заңды күшіне енген болса;
- беру туралы сұрау салу алынған кезде кемінде бір жыл өтейтін мерзімі қалса;
- жасаған әрекеті екі елде де қылмыс деп танылса;
- сотталған адам өзін беруге ниет білдірсе;
- екі мемлекет өзара беруге келіссе.
Осы талаптар сақталмаса, сотталған адам берілмейді. Егер Қазақстан мен Кореяның заңдары сәйкес болмаса немесе үйлеспесе, онда сот үкімін біздің заңда көзделген жазаға сай келтіреді. Адаптация жасаймыз. Алайда жазаның сипаты мен ұзақтығы Корея соты тағайындаған жазадан қатал болмауы тиіс, - деп айтты Бас прокурор орынбасары.
Айта кетейік, Қазақстан мен Кореяның қарым-қатынасы барлық сала бойынша дамып келеді. Әсіресе сауда-экономикалық, еңбек миграциясы, инвестициялық, медициналық және туризм.
Бүгінде Кореяда 35 мыңға жуық біздің азаматтарымыз тұрып жатыр. Әрине өмірде әртүрлі жағдай болады. Мысалы қазір Кореяда 20 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Ал бізде сотталған бір Корея азаматы бар. Ұсынып отырған келісімге ратификация жасалған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Олар әлеуметтік ортасында жазасын өтесе, қоғамға қайта бейімделуге оң ықпал етеді, - деді ол Сенатта.
Ахметжанов баяндағандай, «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңға сәйкес шарт ратификацияланады. Себебі бұл адам құқықтарына тікелей қатысты.
Сондай-ақ шартты іске асыру бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді. Заңды қабылдаудың экономикалық, әлеуметтік және өзге де кері әсері жоқ.