Корея түстері: кеше және бүгін. Елордада дәстүрлі корей тұрмысын көрсететін көрме ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Елбасы кітапханасының музейінде «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесі өтіп жатыр.

Аталған мәдени шара «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығымен бірлесе отырып, Сукмён Қыздар университеті музейінің қолдауымен ұйымдастырды. Сондай-ақ Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Кореяның Халықаралық мәдени алмасу қорының «Саяхат жасаған корей өнері 2021» жобасы негізінде өткізілді. 


Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат Корей мәдени орталығымен бірлескен жобалар сәтті жүзеге асырылып келе жатқанын жеткізді. 


Елбасы кітапханасы қазақстандықтарға шетелдің дәстүрі мен мәдениетін таныстырудың жалғасы ретінде бүгін «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесін назарларыңызға ұсынып отыр. Бірнеше жылдар бойы Корей мәдени орталығымен бірлескен жобалар сәтті жүзеге асырылды. Осынау көрмелер арқылы екі ел арасындағы достық байланысын бекіте түсетіндігіміз анық. Осындар шаралардың аясында елорда тұрғындары мен қонақтары Корея Республикасының тарихи мұрасы мен бағалы өнерімен жақын танысуға мүмкіндік алады, - деді ол. 



Кітапхананың директоры атап өткендей, «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесі бізді дәстүрлі корей тұрмысымен таныстырады. Бүгінгі ұсынылған костюмдерден, керамика мен ағаштан жасалған үй керек-жарақтарынан корей халқының көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан ұлттық әдет-ғұрыптарының бояуын көре болады. 




Көрмеге шетелдік елшілер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, оқу орындар мен мәдени мекемелердің, ғылыми-зерттеу және ұлттық мәдени орталықтардың басшылары қатысты. 




Шараның салтанатты ашылуында сөз алған Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок көрме қонақтары мен Елбасы кітапханасына алғысын білдірді. 


Былтыр шамамен осы уақыттан бастап таралған пандемия қалыпты өмірімізге қиынға соқты. Осынау уақыт аралығында халықтың өмірін рухани байытуға үлес қосатын мәдениет пен өнер саласындағы шаралар қатары едәуір қысқарды. Осы ретте бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме соның орнын толтыруға көмектесіп, ерекше мәнге ие болады деп сенеміз, - деді елші. 

Дипломаттың сөзінше, «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесі Кореяның көптеген жылдар бойы корей халқының күнделікті өмірімен тығыз байланысты болған бірегей түстерін бейнелейтін түрлі киімдермен, дәстүрлі әшекейлермен және қолөнермен танысудың тамаша мүмкіндігі. 



Сондай-ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылы Корея мен Қазақстан арасында мәдени байланысты тығыз орнатып, түрлі мәдени шаралар өткізу екі ел азаматтарына бір-бірін жақсырақ білуге мүмкіндік береді. Корея Республикасының елшілігі мен Мәдени орталығы қызықты, танымдық іс-шараларды өткізуді жалғастыра береді. Мұндай шаралар қиын кезеңде халыққа күш-қуат береді, - деп атап өтті Ку Хонг-сок мырза. 




Сөз соңында дипломат көрме қонақтарына мықты денсаулық тілеп, Наурыз мерекесімен құттықтады. 


«Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесінің экспозициясында корейлердің дәстүрлі киім үлгілерінің артефактері мен репродукциялары саналатын жәдігерлер, кореялық дәстүрлі тұрмыстық заттарын ұсынған Корея авторларының, Сукмён әйелдер университеті түлектерінің заманауи жұмыстары ұсынылған. Көрме жәдігерлері «бес түс – бес негізгі бағыт» тұжырымдамасы негізінде дайындалды. 



Көрмемен танысу үшін әлеуметтік қашықтықты сақтауға және экспозицияда еркін жүруге мүмкіндік беретін аудиогидтерді қолдануға болады. 



Аудиогидтер көмегімен көрме туралы ақпаратты мемлекеттік, орыс, ағылшын және корей тілдерінде тыңдауға болады. 



Көрме басталғанға дейін корейлердің «хварот» дәстүрлі той көйлегін қағаздан жасау бойынша шеберлік-сынып өтті, оған Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының тәрбиеленушілері қатысты. 


Айта кетейік, музей жыл сайын өз коллекциясындағы экспонаттардың тұрақты және арнайы көрмелерін өткізеді, сонымен қатар ел ішіндегі және шетелдегі басқа ұйымдармен белсенді түрде жұмыс істеп келеді. 




Астаналықтар мен қала қонақтары «Корея түстері: кеше және бүгін» көрмесімен 2021 жылдың 16 мамырына дейін таныса алады.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы