Корея елшілігі республиканың құрылған күнін қалай атап өтуде?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігі республиканың құрылған күнін ерекше акциялар өткізіп, атап өтуде.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Қазақстан корейлері қауымдастығы үшін COVID-19-ға қарсы қорғаныс құралдарын Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы Елшілігі атынан сыйға тарту рәсімі ұйымдастырылды. Бұл туралы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Коронавирус инфекциясының таралу жағдайын ескере отырып, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі 2020 жылы Корея Республикасының құрылған күніне орай ресми қабылдау өткізбеу туралы шешім қабылдады. Ресми қабылдау өткізуге бөлінген қаржыны елшілік халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайырымдылық акцияларын өткізуге пайдалануға шешім қабылдады.
Айта кетейік, Корея Республикасының құрылған күні 3 қазанда тойланады.
Еске сала кетейік, Корей Республикасының Қазақстандағы елшілігі елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық шарасын өткізген болатын.
Рәсім аясында Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок Нұр-Сұлтан қаласының АКК төрағасы Хон Атамаға 2,7 млн теңге сомасында құралдар тапсырды. Елшілік қорғаныс маскаларын, медициналық қолғаптар мен витаминдер кешендерін берді. Бұл өнім Қазақстан кәрістер Қауымдастығының президенті Огай Сергейдің көмегімен Қазақстан корей қауымдастығының әрбір 16 өңірдегі бөлімшесіне бөлінетін болады.
Сіздердің тарихи Отаныңыз болып табылатын Корея Республикасы және Корея Республикасының Үкіметі Қазақстанның корей диаспорасына ерекше қызығушылық танытады. COVID-19-ға қарсы қорғаныс құралдарының бұл өнімдері пандемияға байланысты белгілі бір қиындықтарға тап болған корей диаспорасы арасындағы әлеуметтік осал топтар үшін аз да болса көмегін тигізеді деп үміттенемін, - деді елші Ку Хонг Сок.
Сонымен қатар Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі шетелдік корейлер қорынан 10 000 АҚШ доллары мөлшерінде жеке қаржыландыру алды. Ол COVID-19 індетімен күрес үшін ҚКҚ-ның өңірлік бөлімшелеріне қосымша берілетін болады.
Бүгін бізге берілген бұл қорғаныс құралдары Нұр-Сұлтан қаласының корей қауымына өте пайдалы болады. Мен Корея Республикасының елшілігіне бүкіл ел көлемінде қауымдастыққа көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін зор ризашылығымды білдіремін, - деді Нұр-Сұлтан қаласының ҚКҚ төрағасы Хон Атама.