Корея елшілігі қазақстандық жастарға арналған байқау жариялады
Оның басты шарты – жасанды интеллект көмегімен бейнеролик жасау.
Қазақстандық жастар «YouthFULL Tomorrow» халықаралық науқаны аясында Instagram-челленджге және жасанды интеллект көмегімен бейнеролик жасауға арналған KOREAZ Content Contest байқауына қатыса алады. Халықаралық байқауға өтінімдер 2026 жылғы 25 қазанға дейін қабылданады.
Instagram-челленджге қалай қатысуға болады?
Бірінші форматта қатысушылар жақсы болашаққа бастайтын күнделікті әрекетін фотосурет немесе қысқа бейне арқылы көрсетуі керек. Ол оқу, спорт, еріктілік, қоршаған ортаға қамқорлық немесе сүйікті хоббимен айналысу болуы мүмкін.
Қатысу үшін @kihongjung2026 және @koreanembassy_kz аккаунттарына жазылу қажет. Жұмысты елшіліктің Instagram парақшасындағы (@koreanembassy_kz) "Challenge" атты бекітілген Stories бөліміндегі "Сіздің жауабыңыз" стикері арқылы жариялау керек. Сондай-ақ @koreanembassy_kz және @mofa_koreaz аккаунттарын белгілеп, #YouthFULLTomorrow хэштегін қосу қажет.
Челлендж жеңімпаздарына Sulwhasoo премиум косметика жиынтығы, Чеджу аралындағы OSULLOC брендінің шай жиынтығы, ханбок стилінде қолдан жасалған кәдесый сабын және фирмалық кружкалар табысталады.
KOREAZ Content Contest байқауына қатысу шарттары
Екінші формат – "The Next 10 Years: Dream it, Shape it" ("Келесі 10 жыл: арманда, қалыптастыр") ұранымен өтетін KOREAZ Content Contest халықаралық бейнебайқауы.
Қатысушылар бейнеролик арқылы он жылдан кейінгі әлемді қалай елестететінін және жастардың сол болашақты қалыптастырудағы рөлі қандай болатынын көрсетуі тиіс.
Байқаудың басты шарты – жұмысты әзірлеудің кез келген кезеңінде генеративті жасанды интеллектті пайдалану. Оны сценарий жазуға, музыка жасауға, кадрларды генерациялауға немесе бейнені монтаждауға қолдануға болады.
Дайын бейнероликті #YouthFULLTomorrow хэштегімен жариялап, 2026 жылғы 25 қазанға дейін Google-форма арқылы өтінім жіберу қажет. Үздік жұмыстардың авторлары Корея Республикасының Сыртқы істер министрінің ресми марапатына және бағалы сыйлықтарға ие болады.