Кореяға баратын қазақстандықтар нені ескеруі тиіс - ҚР СІМ
Астана, baq.kz. ҚР Сыртқы істер министрлігі Кореяға барғысы келетін қазақстандықтар үшін арнайы мәлімдеме жасады. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
ҚР СІМ мәліметінше, соңғы уақытта Кореяға бармақ болған Қазақстан азаматтары онда жете алмай қалып жатыр. Себеп әртүрлі: бірі ұшаққа міне алмайды, ендігі біреулері Оңтүстік Корея әуежайындағы көші-қон бақылауынан өтпей қалып жатады. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі ел азаматтары үшін Корея мемлекетіне барудың басты талаптары мен ережелерін назарда ұстауға шақырады.
2014 жылдың 19 маусымындағы Қазақстан мен Оңтүстік Корея үкіметі арасындағы екіжақты қарым-қатынаста визаны талап етпеу туралы келісім талаптарына сәйкес, ҚР азаматы тиісті құжаттарымен (шетелге шығу паспорты) Корея Республикасында 30 күннен аспайтын уақыт ішінде төмендегідей себептермен бола алады:
- туристік мақсатта;
- іскерлік мақсатта;
- емделу немесе ем алу мақсатында;
- жеке жұмыстарымен (туыстарына, достарына немесе таныстарына бару).
Дегенмен, аталған келісім Оңтүстік Кореяға мына мақсатпен барған азаматтарға рұқсат етпейді:
- жұмыс істеуге; - оқуға (тіл үйрену курстары, тағылымдама және т.б.);
- тұрақты өмір сүруге;
- миссионерлік мақсатта.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстаннан шығар алдында Астанадағы Корея Республикасының Елшілігінде не болмаса Алматыдағы аталған елдің бас консулдығы арқылы тиісті мақсаттағы визаны алдын ала рәсімдеуді ұсынады. Болмаған жағдайда Корея Республикасының көші-қон билігі өз еліне жіберуден бас тартады немесе сол елдің заңнамасына сәйкес депортациялау режимін қолданады», - делінген министрліктің хабарламасында.
Сонымен қатар министрлік Оңтүстік Кореяның көші-қон қызметі өз елінің заңдарына сәйкес кез келген шетел азаматынан ол елге бару себебін сұрауға, сапар визада көрсетілген мақсатпен сәйкес келмеген жағдайда азаматты елге кіргізуден бас тартуға құқылы екендігін ескертеді.
«Осыған байланысты қандай мақсатпен болуына қарамасан Корея Республикасына баратын барлық азаматтар өзімен бірге кері қайту билетін, қонақ үйді броньдауды, көші-қон картасында елге бару мақсатын, тұратын жерінің мекенжайын және сонда шақырған немесе күтіп алатын азамат немесе ұйым туралы ақпаратты толық көрсетуді сұрайды», - деп хабарлайды ҚР СІМ.
Одан бөлек аталған елге шақырушы немесе күтіп алушы тұлға сіздің Кореяда заңды түрде болуыңызға және ешқандай тәртіпті бұзбай елге оралуыңызға кепіл болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда Оңтүстік Кореяның көші-қон қызметі еліне кіргізуден бас тартатыны айтылған. Сондай-ақ азаматтарға Қазақстаннан шықпас бұрын медициналық сақтандыруды рәсімдеуді талап етеді, себебі Кореяда тегін медициналық қызмет қарастырылмаған.