Пхёнчхан "Бейбіт" форумы: Корей соғысы тоқтасын
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі өткен жылдың басында Оңтүстік Кореяға "Корей түбегіндегі ымыраға келу" тақырыбымен ұйымдастырылған арнайы пресс-турға барды. Тақырып аясында іске асырылып жатқан шаралардың жалғасы ретінде 2020 жылы Пхёнчхан "Бейбіт" форумынан қысқаша ақпарат ұсынамыз.
Биыл Корей соғысының басталғанына 70 жыл толады. Оңтүстік Корея билігі Корей түбегінде бейбітшілік орнату мақсатында бірқатар шараны атқарып келе жатқанын әлем жұртшылығы жақсы біледі.
Солардың бірі, 2018 жылы Пхёнчханда өткен қысқы Олимпиадалық ойындарға солтүстіккореялық спортшылардың қатысуы болды. Бұл ойындар "Бейбітшілік ойындары" деген атаумен тарихта қалды.
Корея Республикасы "Пхёнчхан-2018" мұрасының қорын құрып, қос Корея арасындағы бейбітшілікті орнатудағы жұмысын жалғастырды.
Осыған орай жақында "Пхёнчхан-2018" мұрасының қоры Кангвонда провинциясындағы (Оңтүстік Корея) Алпенсия Пхёнчхан конференц орталығында 2020 жылдағы Пхёнчхан "Бейбіт" форумы өтті.
Жаһандық форум – спорт және тұрақтылықты дамытумен айналысып, бейбітшілік құруды көздейтін жандардың форумы. Биылғы кездесу "Бейбітшілік! Осы жерде және қазір" деген лозунгпен өтті.
Оған қатысушылар "Корей түбегінде бейбітшілік режимін құру үшін бейбітшілік резолюциясы" туралы келісімге қол қойды. Онда Корея Республикасы мен Корея Халық-Демократиялық Республикасына үндеу, сонымен қатар мүдделі елдерге Корея соғысының аяқталғанын жариялау туралы және бейбіт келісімге қол қою туралы жазылған.
Сонымен қатар, форум "Әрекет: Корей соғысының соңы" деген тақырыппен өтіп, бейбітшілік орнатудағы нақты жоспарларды әзірлеу мақсатында талқылау болды. Форум жұмысы спорт, экономика, ДМЗ бейбіт зонасы және БҰҰ ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) – осы төрт бағыт бойынша жалғасты. Корей түбегіндегі экономикалық даму мен ДМЗ бейбіт зонасын дамыту жоспарланды. Себебі, корейаралық бейбітшілік және сенім аймақтағы тұрақтылықпен тікелей байланысты.
Форумға 4000 корей және халықаралық қайраткер қатысты. Оның ішінде ұлт көшбасшылары, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшелері және бейбітшілік саласындағы танымал сарапшылар бар. БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Норвегияның бұрынғы премьер-министрі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұрынғы бас директоры Гру Харлем Брундтланд, ХОК мүшесі Гунилла Линдберг, сондай-ақ инвестициялар жөніндегі сарапшы және автор Джим Роджерс баяндама оқыды.
"Пхёнчхан-2018" корейаралық үйлесімділікті көрсетіп, әлемге ұмытылмас сәт сыйлады. Мұра қоры бейбітшілік іс жүзінде орнамағанша, әлемге бейбітшілік туралы хабарлап отырады, - деді ХОК мүшесі және "Пхёнчхан-2018" мұра қорының төрағасы Рю Сеунг-мин.
Форум ұйымдастырушылары қабылданған декларациясын ұсынды:
2020 жылы Корей соғысының басталғанына 70 жыл толды. "70 жыл жеткілікті" деген лозунгте айтылғандай, біз Корей түбегіндегі соғысты тоқтатудағы және бейбітшілік режимге көшудегі тарихи миссиямызды кейінге шегере алмаймыз.
Бүгін Пхёнчханда жиналып, Корей түбегіндегі бейбіт режимді жақтайтынымызды тағы да растадық және үкіметтерді, халықаралық ұйымдарды және азаматтық қоғамдастықтарды біздің миссиямызды қолдауда нақты және іс жүзіндегі әрекеттерімізге атсалысып, қатысуға шақырамыз.
1. Біз Корея Республикасын (Оңтүстік Кореяны), Корея Халық-Демократиялық Республикасын (Солтүстік Кореяны) және мүдделес елдерді Корей соғысының аяқталғаны туралы жариялауға және бейбіт келісімге қол қоюға шақырамыз.
2. Біз 2018 жылдың 27 сәуірінде қабылданған "Бейбітшілік, өркендеу және қайта бірігу" туралы Панмунжом және 2018 жылдың 19 қыркүйегінде қабылданған "Пхеньян бірлескен декларациясында" қарастырылған келісімдерді орындауға шақырамыз. Сонымен қатар, нақты іске асыру үшін Донхэ және Трансазиялық темір жол желісін қосудағы шараларды әзірлеуді бастаймыз.
3. Біз Солтүстікке қарсы санкцияларды болдырмау және гуманитарлық көмек, түбекте бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында Корея арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін жеке тур бағдарламаларын ұсынуда жасалған талпыныстарды қолдаймыз.
4. Біз мүдделес елдерді және халықаралық қауымдастықты Кымгансан тауына турларды қайта бастауға назар аударуға шақырамыз. Бұдан бөлек, әскери-демаркациялық желілердің бойындағы аудан тұрғындары өмір сүру үшін қажет қаражатты қамтамасыз ету мақсатында корейаралық туристік саланы дамытуға шақырамыз.
5. Біз жекеменшік секторда, мәселен, спортта корейаралық алмасуда бар күш-жігерімізді жұмсауды қолдаймыз. Сонымен қатар, 2024 жылы Канвонда болатын жасөспірімдердің қысқы Олимпиадалық ойындарды ұйымдастыруда қос Кореяны бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Мысалы, шараларды бірлесе өткізу немесе бірігіп корейаралық команда құру.
6. Біз халықаралық қауымдастықты Кореяның демилитаризациялық зонасын халықаралық экологиялық зонаға және онда тұрақтылық қамтамасыз ету аймағына айналдыру мәселесін талқылап, нақты жолдарын үйренуге шақырамыз.
7. Атап айтқанда, қатысушы елдерді, халықаралық ұйымдарды және жаһандық азаматтық қоғамды Әскери-демаркациялық сызық бойындағы аудандарды БҰҰ қамтамасыз ететін бейбіт қалаға айналдыруды талқылап, жолдарын табуға шақырамыз.
8. Біз бейбітшілік туралы барлық талқылаудан нақты іске көшуге шақырамыз. Халықаралық қауымдастықты және азаматтық қоғамды 2018 жылы Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарында бастаған Корей түбегіндегі бейбітшілікті орнатуды жалғастыру мақсатында қолдау көрсету үшін шақырамыз.
Анықтама: "Пхёнчхан-2018" мұра қоры Пхёнчхандағы 2018 жылы өткен қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан кейін құрылды. "Бейбітшіліктің Олимпиадалық ойындары" ретінде өткен Пхёнчхан-2018 ойындарының екінші жылдығын атап өткен қор мұра болып қалған басқа жобаларды да іске асырады.