Көрме, аспаздық сабақтары. Корей мәдени орталығында карантинде не өтіп жатыр?

 Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Корей мәдени орталығында онлайн фотокөрме өтіп жатыр. 


Фотокөрме және орталықтың жұмысы туралы мекеменің директоры Ли Херан ханымнан сұрап-білдік. 


Қазіргі уақытта біз Қазақстандағы коронавирус ахуалының тұрақтануын бақылап отырмыз. Осы ретте Қазақстан Республикасы Үкіметіне осы жағдайға байланысты алғысымды айтқым келеді. Корей мәдени орталығы Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында әлеуметтік дистанция және карантин талаптарын қатаң ұстанады. Осынау қиын жағдайды ескере отырып, орталық қазақстандықтар үшін жылдың төрт мезгілі аясында кореялық Сораксан тауларына арналған фотокөрме дайындады. Бұл көрме арқылы көрермен тамаша табиғатқа саяхаттауға және оған «қол тигізуге» мүмкіндік алады, - деді директор. 


Оның сөзінше, бұл көрме коронавирус індеті аяқталғаннан кейін Корея Республикасына баруды жоспарлайтындарға пайдалы болады. Өйткені көрмеде Сораксанның әдемі пейзаждары ғана емес, сонымен қатар оңай бақыланатын кіріспе ақпараттар, маршрут туралы ақпараттар да ұсынылған. 


Көрмеге бірнеше автордың жұмыстары қойылған. Корея ұлттық туризм ұйымы Сораксан тауларын басқаратын Корея Республикасының ұлттық саябағымен бірлесіп фотосуреттер байқауын өткізді. Оған кәсіби мамандар ғана емес, әуесқой фотографтар да қатыса алды. Ұсынылған көптеген фотосуреттің ішінен қазылар алқасы Сораксан тауларының көрінісін ең әдемі қырынан көрсеткен жұмыстарды таңдады, - деді Ли Херан.
Кореяда елдің 70%-ын түрлі таулар алып жатыр 

Орталық директоры фотокөрме арқылы Корея Республикасының керемет табиғатын көрсеткілері келгендерін жеткізді.

 Кореяда елдің 70%-ын түрлі таулар алып жатыр. Солардың ішінде кореялықтар арасында сұлулығымен ең танымал таудың бірі – Сораксан. Атап айтқанда, Сораксан Шығыс теңізіндегі таулардың шыңында шыққан күннің әдемі көріністерімен, сондай-ақ, қыста қарлы тау жолдарымен ұмытылмас көтерілістерімен танымал. Біз бәрін табиғатпен жалғыз демалуға болатын Сораксан тауларының әдемі және алуан түрлі ландшафттарымен таныстырғымыз келді, - деді Ли Херан ханым. 
   "Сораксанға баруға кеңес беремін"

 Сораксан таулары Кореяның солтүстік-шығысындағы Канвондо провинциясында орналасқан. 

 Мұнда әдемі пейзаждардан басқа дәстүрлі буддалық храмдар сияқты мәдени мұра ескерткіштері де бар. Сондықтан Сораксан аймағы толықтай табиғи ескерткіш болып саналады. Сонымен қатар, Сораксаннан 30 минуттық жерде «Янг-янг хаджодэ пада» теңіз жағалауы орналасқан, онда таулар мен теңізді бір уақытта тамашалауға мүмкіндік бар. Кореяның таулары Қазақстанның алып тауларына қарағанда біршама өзгеше. Көрмеде ұсынылған Сораксан тауларында күрделілігіне байланысты туристің өз қалауы бойынша таңдауға болатын көптеген маршрут пен жолдар бар, - деді ол.

Онда тіпті жаңадан бастаушылар да жаяу жүргендей ыңғайлы маршруттар, ал тәжірибелі альпинистерге арналған шыңдарға жетелейтін соқпақтар да бар екен.

 Ең биік нүктеге жеткеннен кейін әйгілі Сораксан шыңдары мен көгілдір Шығыс теңізінің тамаша кеңістігін тамашалай аласыз. Егер сіз Кореяға баруды жоспарласаңыз, мен осы жерге баруға кеңес берер едім, - деп атап өтті директор. 

Айта кетейік, көрме 17 қыркүйекте басталды. Оны кез келген уақытта Корея мәдени орталығының сайтынан көруге болады. 

Орталық келушілер үшін уақытша жабық   
Осыған дейін айтқанымдай, Корей мәдени орталығы Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін әлеуметтік арақашықтықты және карантин ережелерін ұстанады. Сондықтан қазіргі уақытта Орталық келушілер үшін уақытша жабық. Алайда осындай шектеулерге қарамастан қазақстандықтармен қарым-қатынасты нығайту үшін түрлі онлайн іс-шараларды ұйымдастырып, өткізіп жатыр. Атап айтқанда, қазіргі уақытта, 10 қыркүйектен 8 қазанға дейін «Хангыль» корей алфавитінің құрылғанына 574 жыл толуына орай іс-шара өтіп жатыр, - деді орталық жұмысы туралы Ли Херан.   

Сондай-ақ, бүгін Қазақстанда корей киносының онлайн-фестивалі басталды. Оның аясында корей киносының екі фильмі көрсетіледі: «Пусанға пойыз» және «Дефолт». «Пусанға пойыз» фильмі 23-27 қыркүйек аралығында, ал «Дефолт» фильмі 30 қыркүйек пен 4 қазан аралығында көрсетіледі. 


«Universal Ballet» балет труппасының онлайн шоуы өтеді   

Қазіргі уақытта Корей мәдени орталығының сайтында әр екі апта сайын Кореядағы туристік жерлер туралы онлайн фотокөрме өтеді. 

Сонымен қатар жақында «K-Pop» би сабақтарын үйрену үшін сайтқа танымал «BLACKPINK» айдол тобының YouTube-те 500 миллионнан астам қаралымы бар «How You Like It» әніне сабақтар орналастырылды. Биді тез және жеңіл үйрену үшін K-Pop би сабақтары 4 бөлікке бөлінді. Жақсы түсіну үшін сабақтармен бірге субтитрлер де жүктелді. Сабақтар туралы толығырақ сайттан білуге ​​болады, - деп айтты орталық директоры.   

Сонымен қатар, өзін-өзі оқшаулау және карантин жағдайында тұрғындар дәмханалар мен мейрамханаларға бара алмайтынын атап өтті. 

 Осы орайда қазақстандықтар корей тағамдарын онлайн аспаздық сабақтар арқылы әзірлей алады. Корей аспаздық сабақтары аптасына бір рет желтоқсанға дейін өткізіледі. Интернеттегі корей тағамдарының онлайн сабақтары қыркүйектен бастап Instagram-да өткізіліп жатыр. Тікелей эфирге кез келген адам қосыла алады. Сонымен қатар, қызықтыратын кез-келген сұрақты қойып, корей тағамдарының білікті аспазынан тікелей жауап алуға мүмкіндік бар. Қосымша ақпарат алу үшін барлығы Корея мәдени орталығының Instagram-дағы kaz.korean.culture аккаунтына жазылады деп үміттенеміз, - деді ол.

 Ли Херан ханым айтқандай, Корей мәдени орталығы қазанда «Universal Ballet» балет труппасының онлайн спектаклін қоюды жоспарлап отыр.

 Қазан айында Astana Expo 2017 халықаралық көрмесі кезінде Қазақстанға келіп, көпшіліктің ықыласы мен қызығушылығына ие болған «Universal Ballet» балет труппасының онлайн спектаклін қоюды жоспарлап отырмыз. Корей балетін жаһандандыру мақсатында «Universal Ballet» балет труппасы «Чунхян джон» (Чхунхян туралы повесть) классикалық корей романының желісі бойынша шығармашылық қойылымын ұсынған болатын, - деді директор.

 Сонымен қатар, орталық қараша айында онлайн режимінде корей мәдениеті байқауын өткізуді жоспарлап отыр. 

Орталық директоры, осылайша, Корей мәдени орталығы Кореямен және корей мәдениетімен тереңірек танысу арқылы екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға күш салып жатқанын алға тартты.
   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы