Korean Shamanism GUT. Астанада корей шаманизмі тақырыбына арналған көрме ашылды
Елордада Тұңғыш Президент кітапханасында «Korean Shamanism GUT: Breath of the Spirit» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрме Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Сондай-ақ көрме екі ел арасындағы Мәдени алмасу жылы аясында ұйымдастырылды.
Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат көрменің ашылуымен құттықтады.
«Корей шаманизмі гут: рухтың тынысы» атты көрме корей халқының ежелгі нанымы – гут шаманизмімен таныстырады. Бұл құбылыс корей халқының рухани өмірінде ерекше орын алады және оның дүниетанымының бір қырын ашады. Оған бүгінгі көрмеде көз жеткізе аласыздар деп ойлаймын. Бұл - Тұңғыш Президент кітапханасының Корей мәдени орталығымен бірлесе ұйымдастырған жетінші іс-шарасы. Биыл серіктестік орнатқанымызға 5 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде кітапхана қабырғасында корейдің танымал суретшілерінің көрмелері ұйымдастырылып, тарихи жәдігерлер қойылды, - деп айтты кітапхана директоры.
Көрмеге қойылған картиналарда авторлар бақсылардың рухтардың әлеміндегі әртүрлі жоралғыларды, рәсімдерді көрсетеді. Көрмеге 6 фотошебердің жұмысы ұсынылған.
Бүгінгі көрмеге осы авторлардың екеуі қатысып отыр.
Бақытжан Темірболат ұйымдастырушыларға алғыс айтып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ку Хон Сок мырза қатысты.
Биыл да былтырғы мәдени алмасу жылын жалғастырып жатыр. 2023-2024 жылдар Кореяға бару жылы деп аталған. Осыған орай Корея елшілігі мен Корей мәдени орталығы әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізіп келеді. Соңғы жылдары әлемде Кореяны танымал ете түскен контент көбейді. Мысалы, K-pop – BTS, Black Pink топтары, K-drama – «Кальмар ойыны», K-food – кимчи. Бүгін Кореяны корейлік фотографтардың жұмысы арқылы таныстырғымыз келеді. Бұл шаманизм жанры сіздер білетін корей мәдениетінен алысырақ, - деп айтты дипломат.
Көрмеге ұсынылған фотосуреттерде діни тәжірибе жүйесіндегі шаманизмнің пайда болуы мен қазіргі таңдағы өзгерістердің философиялық тұрғыдан тым әрі қызықты суреттерін топтастыра білген корейлік фотосуретшілердің еңбегі орасан зор.
Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы биыл Корея мен Қазақстан мемлекеттері арасында өзара мәдени алмасу жылына орай қазақстандықтарды корей мәдениеті мен өнерінің әртүрлі аспектілерін, сондай-ақ ата-бабаларымыздың өмірі мен рухымен таныстыру мақсатында корей шаманизмі тақырыбына арналған көрме ұсынып отыр. Бұл көрме арқылы корей мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы көбірек білгісі келетін барша қауым Кореяны жаңа бір қырынан таниды деп үміттенемін, - деді Корей мәдени орталығының директоры Ли Херан.
Гут – адамдар мен құдайлар арасындағы делдал саналатын бақсы Құдайға құлшылық етуші корей шаманизмінің түрі. Мақсатына қарай «гут» рәсімінің бірнеше түрі бар. Ерте заманнан бері адамдар бақсылардың көмегімен тәңірден амандық, жауын-шашын, ауруларды жою және басқа да түрлі тілектердің орындалуын сұраған.
«Korean Shamanism GUT: Breath of the Spirit» фотокөрмесі 1970-ші жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін өз жұмыстарында корей халқының наным-сенімдерін суретке түсірген 6 корей деректі фотосуретшілерінің туындысын көрсетеді.
Жылнамалар секілді бұл туындылар көрермендерге 5000 жылдық тарихы бар корей шаманизмімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.