Корея елшілігі «Қарттар үйіне» техника сыйға тартты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Корей Республикасының Қазақстандағы елшілігі елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық шарасын өткізді.

Қайырымдылық шарасы аясында елшілік орталыққа қажетті техника мен құрал-жабдықтарды сыйға тарту етті.


Коронавирустың таралуына байланысты жағдайды ескере отырып, Корея Республикасының елшілігі 2020 жылы Корея Республикасының құрылған күніне орай ресми қабылдауды өткізбеу туралы шешім қабылдады. Оның орнына ресми шараға бөлінетін қаражатты қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруға жұмсауды жөн көрдік. Бүгін аталған акцияның бірі өтіп отыр, - деді Корей Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг Сок.

Дипломат сыйға берілген құрал-жабдықтар жасына байланысты біршама қиындықты басынан өткерген азаматтарға көмегін тигізетінін жеткізді.


Корея Республикасының Үкіметі түрлі салаларда екіжақты ынтымақтастықты жүзеге асыруда. Сондай-ақ, коронавирус салдарынан туындаған қиындықтарды тез арада жеңу үшін Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсету мәселесін пысықтауда. Корея Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының стратегиялық серіктесі ретінде елдегі коронавирус пандемиясымен белсенді күреседі, - деп атап өтті Ку Хонг Сок мырза.

Салтанатты шара аясында Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг Сок орталықтың басшысына мүгедектерге арналған арбалар, қозғалмалы көмек құралдары, тұрмыстық тауарлар, камера көмегімен дене температурасын өлшеудің автоматтандырылған жүйесін табыстады. Қайырымдылық көмегінің жалпы сомасы 2,2 млн теңгені құрады. 

Осындай қайырымдылық іс-шаралары жиі өтеді. Елшілік бір апта бұрын қандай техника қажет екенін хабарласып сұрады. Мүгедектер арбасы, тұрмыстық заттар сияқты құрал-жабдықтар алды. Осынау шара екі ел арасындағы қарым-қатынас өте жақсы деңгейде екенінің көрінісі. Осы ретте Корея елшілігіне орталықтың атынан алғыс білдіремін. Сыйлықты әдетте мерекеде алады. Біз де кеше ғана орталығымызда Отбасы күнін атап өттік. Одан бөлек, қазан айында Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек күні мен Қарттар күні келе жатыр, - деп атап өтті «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Рысты Баймағамбетова.

Оның сөзінше, қазір әлем індет салдарын бір-бірінің қолдауы арқасында жеңіп жатыр. 


Қазір карантин болғандықтан қабылдау болып жатқан жоқ. Жалпы орталықтың жағдайы жаман емес. Алғашқылардың бірі болып биыл мекемеге газ орнатылды. Орталықтағы азаматтарға 5 мезгіл тамақ беріліп, уақытында тиесілі медициналық көмек көрсетіледі, - деді Рысты Баймағамбетова. 

Айта кетейік, орталық директорының айтуынша, орталық 323 кісіге арналған. Қазіргі таңда 299 адам бар. Оның ішінде 80%-ы қарттар, ал қалған 20%-ы I-II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы