25 Тамыз 2026, 09:53 Фото: Spectrum international school

«Көптеген елде жоқ қолдау Қазақстанда бар» – Химиядан халықаралық олимпиада жүлдегері Аңсар

Аңсар Жақсылықов - химиядан халықаралық олимпиаданың (IChO) күміс медаль иегері. Ол қазіргі уақытта Spectrum international school мектебінің 12-сынып оқушысы. 

Химиядан халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері Аңсар Жақсылықов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында олимпиададағы жетістіктерінің сырын бөлісіп, Қазақстандағы дарынды балаларға жасалған мүмкіндіктер мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы туралы пікірін айтты. Оның сөзінше, халықаралық деңгейдегі нәтижелерге жетуде біліммен қатар тәжірибе мен жүйелі дайындықтың да рөлі ерекше.

Аңсар Жақсылықов – химиядан халықаралық олимпиаданың (IChO) күміс медаль иегері. Ол қазіргі уақытта Spectrum international school мектебінің 12-сынып оқушысы. 

Аңсардың айтуынша, оның ғылымға және олимпиадаға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында қалыптасқан. Ол алғашқы жетістіктеріне ұстаздарының қолдауы мен бағыт-бағдарының арқасында қол жеткізгенін атап өтті.

7-сыныпта «Білім-Инновация» лицейіне түскеннен кейін ұстазым Сұлтан ағайдың көмегімен химия олимпиадасының жүйесіне келген болатынмын. 8-сыныпта сол ұстазымның қолдауымен республикалық деңгейде алтын медаль иелендім. Одан кейін де бірнеше рет республикалық олимпиадаларға қатыстым. 10-сыныпта бірінші халықаралық олимпиадама қатысып, күміс медаль иелендім. Ал биыл тағы халықаралық додаға қатысып, күміс медаль алдым, – деді ол.

Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген оқушы Қазақстанда олимпиада жеңімпаздарына көрсетілетін қаржылай қолдау ерекше ынталандыратынын айтты. Оның сөзінше, мұндай қолдау оқушылардың еңбегінің бағаланатынын көрсетіп қана қоймай, жаңа белестерді бағындыруға да жігер береді.

Еліміздің олимпиада жеңімпаздарына беретін ақшалай қолдауы біз үшін үлкен көмек. Біздің мемлекет қаржылай көмегімен өзге мемлекеттерге қарағанда ерекшеленеді. Себебі көптеген мемлекетте өз оқушыларына мұндай көмек көрсетпейді. Сондықтан мемлекетіміздің мұндай қолдауы біз үшін маңызды, – деді Аңсар.

Аңсардың пікірінше, олимпиададағы жетістіктің негізінде терең білім мен үздіксіз ізденіс жатыр. Сонымен қатар ол теориялық дайындықты тәжірибемен ұштастырудың маңызы зор екенін атап өтті.

Олимпиада жолындағы ең маңыздысы – білім. Оны меңгеру жолындағы алынатын тәжірибенің де маңызы зор, – деді үздік оқушы.

Ол Қазақстанда дарынды балаларды қолдауға бағытталған жүйе жақсы жолға қойылғанын айтты. Аңсардың сөзінше, мұны халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген қазақстандық оқушылардың жетістіктерінен анық көруге болады.

Қазақстандағы дарынды балаларды қолдау жүйесі үлкен деңгейде деп санаймын. Себебі химиядан ғана емес, басқа пән оқушылары да әлемде жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар алып, топ жарып жатыр, – деді ол.

Халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері сондай-ақ елімізде түрлі деңгейдегі олимпиадалардың көп ұйымдастырылуы оқушылар үшін үлкен тәжірибе мектебі екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жарыстар жас таланттардың білімін шыңдап қана қоймай, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы әртүрлі олимпиаданың көп болуы тәжірибе жинауға ықпал етеді. Ал бұл өз кезегінде халықаралық деңгейде нәтиже көрсетуге көмектеседі деп санаймын, – деп түйіндеді Аңсар Жақсылықов.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен тәлімгерлерін марапаттады.

Кездесуде Президент жастарға табанды еңбек кез келген уақытта табысқа жетелейтінін айтты