25 Қыркүйек 2026, 07:30 Фото: ©️ BAQ.KZ коллажы

Көпшілік біле бермейді: Несие жабылғаннан кейін сақтандыру ақшасын қалай қайтарып алуға болады?

Несиесін мерзімінен бұрын толық өтеген қазақстандықтар сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтарып ала алады. Қайтарылатын сома сақтандырудың қанша уақыт пайдаланылғанына байланысты есептеледі. BCC Life өнімді дамыту департаментінің директоры Баян Мырзағара BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында сақтандыру шарты несиемен бірге автоматты түрде тоқтатылмайтынын және қаражатты қайтару үшін міндетті түрде өтініш беру қажет екенін ескертті.

Несие толық өтелсе, сақтандыру ақшасы қайтарылады

Баян Мырзағараның айтуынша, қарыз алушы несиесін толық жапқан жағдайда сақтандыру сыйлықақысының пайдаланылмаған кезеңге тиесілі бөлігін қайтарып ала алады.

Бұл құқық Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 842-бабында көзделген. Клиентке сақтандыру мерзімінің қалған бөлігі үшін төленген сыйлықақының бір бөлігін шығындарды шегере отырып қайтарылады, – деді ол.

Ал несие тек ішінара өтелген жағдайда сақтандыру шарты өз күшінде қала береді. Сондықтан мұндай жағдайда қаражатты қайтаруға негіз болмайды.

Қайтарылатын сома қалай есептеледі?

BCC Life өкілінің сөзінше, қайтарылатын қаражат көлемі ең алдымен сақтандыру рәсімделген уақыттан бері қанша мерзім өткеніне байланысты.

Клиент несиесін неғұрлым ерте жауып, өтінішті тезірек тапсырса, қайтарылатын сома соғұрлым жоғары болады. Сонымен қатар сақтандыру компаниясының шығындары шегеріледі. Бірақ заң бойынша бұл шығындар сақтандыру сыйлықақысының 10 пайызынан аспауы тиіс, – деді Баян Мырзағара.

Қанша ақша қайтарылуы мүмкін?

Маман мысал ретінде бес жылға рәсімделген және құны 100 мың теңге болатын сақтандыру полисін келтірді.

Егер қарыз алушы несиені бір жылдан кейін толық өтесе, кемінде 70 мың теңге қайтара алады. Ал несие екі жылдан кейін жабылса, кемінде 50 мың теңге қайтарылады.

Баян Мырзағараның айтуынша, қалған әр жыл үшін сақтандыру сыйлықақысының шамамен бестен бір бөлігі қайтарылады. Дегенмен нақты сома әр келісімшарттың талаптарына қарай жеке есептеледі.

Өтініш беру тәртібі қандай?

Сақтандыру сыйлықақысын қайтару үшін клиент сақтандыру компаниясына жүгінуі керек.

Кейбір компанияларда бұл процес толықтай онлайн форматта жүргізіледі. Клиент компанияның ресми сайтындағы жеке кабинетке кіріп, ЖСН мен телефон нөмірін енгізуі, қажетті шартты таңдап, өтініш толтыруы және оны SMS арқылы келген кодпен растауы қажет. Компания өкілінің айтуынша, қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Барлық қажетті мәліметтерді біз өзіміз аламыз. Қаражат клиенттің шотына бес жұмыс күні ішінде аударылады, – деді ол.

Қарыз алушылар қандай қателіктер жібереді?

Баян Мырзағара сақтандыру төлемін қайтару үшін өтініш берудің нақты мерзімі белгіленбегенін айтты. Соған қарамастан, өтінішті кейінге қалдырмауға кеңес береді.

Клиент несие жабылғаннан кейін неғұрлым ертерек жүгінсе, соғұрлым көп қаражат алады, – деді ол.

Оның айтуынша, қарыз алушылар жиі жіберетін қателіктің бірі – сақтандыру шарты несиемен бірге автоматты түрде тоқтатылады деп ойлау.

Несие мен сақтандыру – екі бөлек шарт. Сондықтан сақтандырудан бас тарту үшін жеке өтініш беру қажет, – деп түсіндірді маман.

Тағы бір кең тараған қателік – қайтарылатын сома несие жабылған күннен бастап есептеледі деген түсінік.

Негізінде есептеу сақтандыру компаниясына өтініш берілген күннен басталады. Сондықтан өтінішті кеш тапсырған жағдайда қайтарылатын қаражат көлемі азаяды, – деді Баян Мырзағара.

Оның сөзінше, қарыз алушының өмірін сақтандырудың басты мақсаты – отбасы мүшелерін қаржылық тәуекелден қорғау. Егер сақтандырылған адамға қандай да бір жағдай болса, несие жүктемесі жақындарының мойнына түспейді. Ал несие мерзімінен бұрын өтелсе, клиент сақтандыруға нақты пайдаланған кезең үшін ғана ақы төлеп, қалған бөлігін қайтарып ала алады деп түсіндірді маман.