Көпірден секірген бойжеткенді құтқарған ұландықтар марапатталды

Елордада көпірден секірген жас қызды құтқарған Ұлттық ұлан жауынгерлері марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен елордалық 5573 әскери бөлімнің әскери қызметшілері марапатқа ие болды. Оларға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында әскери борышты үлгілі атқарғаны, өздеріне жүктелген міндеттерді адал және ыждағаттылықпен орындағаны үшін «Ұлттық ұлан ұлан үздігі» және «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілері берілді.

Мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және жеке өз атымнан сіздерге көзсіз ерліктеріңіз үшін, ал ата-аналарыңызға қиын сәтте ел қорғауға дайын осындай ұлдар тәрбиелегені үшін үлкен алғысымды білдіремін. Мұндай батылдық пен жауапкершілік үлгілері жеке құрамды жауынгерлік қызметті сәтті орындауға шабыттандырады. Сондықтан біз әскери қызметшілеріміздің еңбегін лайықты бағалау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - деді Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков.

Атап айтқанда, әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Нариман Мырзахметов «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды, ал патрульдік қатардағы жауынгерлер Дамир Мұқашев пен Давид Корсуновқа «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілері табысталды.

Еске салайық, оқиға 2 қазан күні кешкі сағат 22:00 шамасында болған. Ұлттық ұланның әскери жасағына жергілікті тұрғын көмек сұрап келіп, Есіл өзеніне көпірден жас қыз секіргенін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы