Министр көпбалалы аналарға мемлекеттен қандай қолдау көрсетілетінін айтты
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Үкімет кулуарында көпбалалы аналарға мемлекеттен қандай қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.
«Бала дүниеге келгеннен қолдау болады. Ол бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақыдан басталады. Жыл сайын елімізде 400 мың бала өмірге келеді. Былтыр 391 мың бала келді. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда алатын жәрдемақы 95 950 теңгені құрайды. Отбасында төртінші және одан да көп бала дүниеге келетін болса бұл жәрдемақының көлемі 159 мың теңгені құрайды. Бұл - біржолғы жәрдемақы. Жәрдемақының екінші түрі бір жасқа дейін бала күтіміне беріледі. Ол бір жылға дейін айына орташа 14,5 мыңнан 20,5 мың теңгеге дейін төленеді. Анасы не әкесі жұмыс істеп, олардың атына ММСҚ-ға әлеуметтік аударым төленген болса оларға қордан орташа құны 32 мың теңгені құрайтын төлем төленеді», - деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова Үкімет кулуарында.Ол бүгінде 300 мың астам көпбалалы ана ерте зейнетке шыққанын айтты.
«Материалдық қолдаудан бөлек бізде көпбалалы аналарға ерте зейнетке шығу қарастырылған. Бұл дегеніміз зейнетке 53 жасында шығу құқығы бар аз санаттардың бірі. Бүгінде 332 мың әйел осы құқықты пайдаланған. Бұдан бөлек, аналардың еңбек құқығы қорғалған, яғни жұмыс беруші аяғы ауыр әйелдің, баласы үш жасқа дейінгі, 8 жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналардың еңбек шартын бұзуға қақысы жоқ», - деді министр.
Айта кетсек, былтыр «Алтын алқа», «Күміс алқа» құрметті атағы бар 237 мың ана 41 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алған.
Назерке Абибулла
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Әбдіқалықова: Қазақстандағы армян диаспорасы екі елдің дәнекері
Өзгелердің жаңалығы