Кеше 2026, 20:51 Фото: ©BAQ.KZ

Көпбалалы қазақстандық өзін кәсіпкермін деген адамға сеніп, 11 млн теңгесінен айырылды

Отбасы несие алып, барлық қаражатын алаяққа берген.

Ақмола облысында көпбалалы отбасы бейтаныс адамға сеніп, 11,5 млн теңгеден астам қаражатынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, полицияға жүгінген ер адам белгісіз азаматпен кездейсоқ танысқанын айтқан. Әңгіме барысында жаңа танысы өзін «ықпалды байланыстары бар» адам ретінде көрсетіп, бизнеске лицензия алуға көмектесуге уәде берген.

Сонымен қатар ол көліктерді арзан бағаға алып, үстеме пайдамен қайта сату арқылы табыс тауып жүргенін айтқан.

Кейін олар байланыс нөмірлерімен алмасып, күдікті өз қызметін ақыға ұсынған. Сомалар аз болмағанымен, жәбірленуші жаңа танысының “ықпалына” сеніп, нәтижені тез күткен, – деп мәлімдеді Ақмола облыстық полиция департаменті.

Біраз уақыттан кейін алаяқ лицензия рәсімдеу үшін шұғыл түрде ақша керек екенін айтып, сондай-ақ «тиімді» автокөлік сатып алуға инвестиция салуды ұсынған. Жәбірленуші жұбайымен бірге несие рәсімдеп, барлық жинаған қаражатын – жалпы сомасы 11 млн теңгеден астам ақшаны берген.

Алайда жеті ай ішінде уәде етілген қызметтер көрсетілмеген. Өзін алданғанын түсінген ер адам полицияға жүгінген.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстау бағытында қажетті шараларды жүргізіп жатыр.