Көпбалалы отбасыларға берілетін жалдамалы пәтерлерде өздері ғана тұра алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Парламент Мәжілісінің кулуарында бірінші кезекте жалдамалы пәтерлер көпбалалы отбасыларға қалай берілетінін айтты.
«Ешкім алып қоймайды. Олар сол пәтерде тұрады. Бұл сатып алу құқығынсыз жалға алуға берілетін үйлер. Сол себепті олар сол жерде тұрады. Оларды ешкім қуып шықпайды», - деп жауап берді Өскенбаев журналистердің көпбалалы отбасындағы балалар өсіп, ата-анасы жалғыз қалып қойғанда, олардан пәтерді алып қоя ма деген сауалына.
Вице-министр жалға берілетін үйде көпбалалы отбасының мүшелері ғана тұра алатынын атап өтті.
«Тек ата-аналары тұрады. Туыстары, жақындары тіркелмес үшін тек отбасы мүшелері ғана тұрады деп жазылған. Сол себепті балалар мен ата-анасының ЖСН-дері тіркеледі. Ал қалғандары ол үйде тұра алмайды», - деп түсіндірді Өскенбаев.
Министрдің орынбасары жалға берілетін баспананың бір шаршы метрі 115 теңге тұратынын айта кетті.
«Қазір аймақтарда баға арақатынасы белгіленбеді. Белгіленген баға қалады, өзгермейді», - деп сөзін түйіндеді вице-министр.