Көпбалалы отбасылар, білім мен денсаулық саласы: Депутат бірқатар мәселені көтерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Палата отырысында сөйлеген сөзінде әр салада қордаланып қалған мәселелерді көтеріп, Үкіметке шешімін ұсынды.
Сөзінше, депутаттар алында өңірлердегі кездесулері кезінде тұрғындар түйінді мәселелерді көтерген. Олар - медициналық көмек, тұрғын үй, жұмыссыздық, сапалы білімге қолжетімділік, мүмкіндігі шектеулі жандар мәселелері.
Осы сұрақтарды шешіп, оған нүкте қою үшін Жұлдыз Сүлейменова бастаған AMANAT фракциясының депутаттары бірнеше идея ұсынды.
Азаматтардың әл-ауқаты
Барлық бизнес процесс қысқа мерзімде цифрлануы қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің ақпараттық жүйелерін өзара интеграциялау өзекті. Мәліметтердің тұрақты түрде жаңаруы мен объективтілігін қамтамасыз ету қажет, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Тұрмысы нашар көпбалалы отбасылардың мәселесі
Өкінішке қарай, бүгінде тұрмысы нашар көпбалалы отбасылардың әлеуметтік проблемалары тиісті деңгейде шешілмей жатқаны шындық. Бүгінгі таңда бірде-бір мемлекеттік органда олардың саны, тұрғылықты жері туралы нақты ақпарат жоқ. Заңмен тиесілі әлеуметтік көмек туралы кейде халық бейхабар. Көпбалалы отбасылардың жартысынан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Ал ауылдағы ағайынның жанайқайы осы көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жәрдемақылары мен төлемдері балалардың мәдени, зияткерлік, физикалық дамуына жеткіліксіздігінде болып отыр, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Депутат пандемия кезінде көпбалалы отбасылардың басым бөлігі кедейлік шегінен төмен табыс тапқанына тоқталды. Қазақстанның ірі қалалары - Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент көпбалалы отбасылардың миграциясының орталығына айналып жатыр.
Көпбалалы отбасыларда өсіп келе жатқан өрімдей ұрпаққа барлық деңгейде сапалы білім беруді қамтамасыз ететін, олардың талабын өсіретін, еңбекке баулитын, жақсы білім беріп, кәсіпке араластырудың Жол картасын жаулы ұсынамын, - деп айтты Мәжіліс депутаты.
Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі
Сонымен қатар азаматтардың назардан тыс қалған бір легі – мүгедектігі бар жандар. Елімізде олардың саны 700 мыңға жуық.
Әлеуметтік қызметтер порталы сын көтермейді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете алмай отыр. Жеткізу сапасы мен жеткізушілердің жауапкершілігі өз алдына өзекті мәселе. Еңбекминінің кеңейтілген отырысында мүгедектікті қайта рәсімдеу туралы мәселе көтерген едік. Бірақ бүгінге дейін жауапты ала алмай келеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға құрал-жабдықтарын жеткізушілерге қойылатын талаптарды күшейту қажет. Жеткізушілерді іріктеудің ашық тетігі керек. Мүмкіндігі шектеулі жандарды сапалы медициналық оңалту қызметтерімен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде бірқатар кедергі бар. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі адамдардың білім алып, жұмыс істеуіне, әлеуметтік кәсіпкерлікті сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін әзірлеуді ұсынамыз, - деді депутат.
Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсартуға байланысты барлық мәселені түбегейлі шешуді сұрады.
Ауылдағы денсаулық мәселесі
Ауылдық жерлерде көпсалалы медицина мамандарын тарту, медицина инфрақұрылымдарын дамыту кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өтті.
Білім саласы
Бүгінгі таңда білім саласында өткір проблема – COVID-19 кезіндегі білім сапасының төмендеуі. Бұдан бөлек, Түркістан, Маңғыстау облыстарындағы білім теңсіздігі бізді алаңдатып отыр. Ауыл мен қала арасындағы ғана емес, жалпы өңір арасында білім теңсіздігі күшейіп келеді. Оны шешуді қазір қолға алмасақ, кейін кешігіп қаламыз. Тозығы жеткен ауыл мектептеріндегі күрделі жөндеу жұмыстары да өзекті болып тұр. Бұл үш ауысымды апатты жағдайдағы мектептер проблемасын шешуде өзекті. Ал оқушы орнының тапшылығы әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр. Тек Нұр-Сұлтанда 2021-2022 оқу жылында оқушы орнының тапшылығы шамамен 24 мың оқушы құрайды. Біз кейбір сыныптарға тіпті алфавиттегі әріптердің жетпей жатқанын биылғы қыркүйекте көрдік, - деп айтты депутат Сүлейменова.
Депутаттар Үкімет мүшесі Ералы Тоғжановтан ауыл мектептерінде күрделі жөндеу жүргізуді және оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешуді бақылауға алуды сұрады.
Сонымен қатар колледж оқытушыларының, өндіріс шеберлерінің жалақысын көтеруді ұсынды.