Жамбыл облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында көпбалалы екі отбасы жаңа баспанаға ие болды. Қасиетті Рамазан айында Сарысу ауданының жеке кәсіпкерлері батыр аналарға пәтер кілттерін табыстады.
Қуанышқа кенелген шаңырақтың бірі – Байқадам ауылдық округінде тұратын бес баласы бар Күлзира Абдуллаева. Олар жеке үйі болмағандықтан, көп жылдан бері жалдамалы пәтерлерді паналап келген. Отбасы өздерінің тұрғын үй мәселесін шешіп, жеке қаражатына жаңа үй алып берген кәсіпкер Тоқтасын Біләлиевке алғысын білдіруде.
«Осындай қуанышқа толы күнді ұзақ жылдар бойы күткенімізді жасыра алмаймын. Міне, жүрегінде мейірімі бар қамқор азаматтың арқасында өз үйімізге кіріп отырмыз. Тоқтасын Біләлиевтің өзі де көпбалалы отбасында өсіп, жетілгенін білемін. Көмегі мен қамқорлығы үшін аналық алғысымды білдіремін. Жерінің аумағы кең, жеміс ағаштары мол баспананы иеленгеніме, шынымды айтсам, сене алар емеспін», – деп ағынан жарылды Күлзира Абдуллаева.
Кәсіпкер осы секілді қайырлы істен қалталы азаматтарды тыс қалмауға шақырды.
«Жеке тіршілігі, әжептәуір пайдасы бар замандастарымның мұқтаж жандардың игілігіне қызмет еткенін қалаймын. Өңіріміздегі бизнес өкілдері осы бастамаға қолдау білдіріп, аз қамтылған отбасыларға жәрдемдессе, әлеуметтік проблемалар біршама азаяр еді»,- дейді ол.
Рамазан айындағы қайырымдылық шарасы Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында да жалғасты. Ауданның құрметті азаматы, «Алтын-Орда 2006» ЖШС директоры Дәулеталды Жанбаев жеті баласы бар жалғызбасты ана Гүлсана Қалиеваға 3 бөлмелі пәтер алып берді.
«Үйіміз болғанын әрдайым армандайтын едік. Бізге көмек қолын созған ізгі жанға шексіз ризашылығымды жеткіземін. Жеті баламның бірі мүгедек еді. Оларды жалғыз өзім қалай жетілдіремін, пәтер кезегім қай уақытта келеді деп уайымдайтынмын. Қасиеті мол ораза айында тосын жаңалыққа жүрегіміз жарылардай қуанып, көзімізге жас алдық. Оның үстіне жаңа баспанамыз заманауи жөндеу көрген, жарық әрі кең екен, – деді Гүлсана.
Кәсіпкердің айтуынша, әрбір қалталы азамат ең болмағанда Рамазан айында бір отбасын осылай қуантса, көп түйткіл өзінен-өзі шешілер еді.
«Біздің де бизнес жасап, берекелі тірлік істеп отырғанымыз мемлекетіміздің сарабдал саясатының арқасы деп білемін. Өйткені, кәсіпкерлікке елімізде барынша қолдау көрсетілген. Осы ретте, тыныштығымызға, татулығымызға, бейбіт елде тұрып жатқанымызға алғыс айтып, осындай игі істерге септесіп тұруды өзімізге парыз санауға тиіспіз», – деді Жанбаев.