Көпбалалы аналарға 1,7 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі: Кімдер ала алады?
Қазақстанда көпбалалы отбасылардың мүшелері жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа қатыса алады. 2026 жылы грант көлемі 400 АЕК-ке дейін, яғни 1 млн 730 мың теңгені құрайды. Грант қайтарымсыз негізде беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік грант әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға арналған. Оған көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны алушылар және олардың жұбайлары да қатыса алады. Сонымен қатар бағдарламаға атаулы әлеуметтік көмек алушылар, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтар және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар қатыса алады.
Грантты кімдер ала алады?
Үміткер жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкер болуы қажет. Бұдан бөлек, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сертификаты болуы міндетті. Сертификат өтінім берілген күнге дейінгі соңғы үш жыл ішінде алынуы тиіс.
Грант конкурстық негізде беріледі. Үміткер бизнес-жобасын ұсынып, оны арнайы комиссия алдында қорғайды. Комиссия бизнес-идеяның өміршеңдігі мен даму мүмкіндігін, жобаның қаржылық негізділігін және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетін бағалайды.
1,7 млн теңгені неге жұмсауға болады?
Грант қаражатын бизнеске қажетті құрал-жабдықтар мен еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды сатып алуға пайдалануға болады. Сондай-ақ мал, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды, тұқым, көшет және басқа да қажетті материалдарды алуға, кәсіпкерлік қызметке арналған үй-жайды жалға алуға рұқсат етіледі.
Ал грант қаражатын жеке тұтынуға, несие мен қарызды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, жер телімін сатып алуға, шетел валютасын, бағалы қағаздар мен цифрлық активтерді алуға жұмсауға болмайды. Сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге пайдалануға тыйым салынған.
Қалай өтініш беруге болады?
Өтініш Business.enbek.kz порталы арқылы электронды түрде беріледі. Үміткер порталға тіркеліп, өтініш нысанын толтырып, бизнес-жоспарын жүктеп, құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы керек.
Грант бір рет беріледі. Жоба мақұлданған жағдайда қаражаттың мақсатты жұмсалуы бақыланады. Грант алған азамат 24 ай ішінде оны игеру туралы есеп тапсыруы керек. Сонымен қатар грант алған күннен бастап 18 ай ішінде кемінде бір жаңа тұрақты жұмыс орнын құру талабы бар.
2026 жылы қанша грант беріледі?
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жалпы 9 мың мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бірінші лег бойынша өтінімдер 24 маусымнан 8 шілдеге дейін қабылданды. Бұл кезеңде 3 764 грант беру жоспарланған.
2026 жылғы бірінші легтің өтінім қабылдау мерзімі аяқталды. Ал келесі легтің нақты қабылдау мерзімі туралы ақпаратты Business.enbek.kz порталынан және Еңбек министрлігінің ресми хабарламаларынан қадағалау қажет.