Көпбалалы ана қарыз батпағынан шығып, банкроттықтан аман қалды

Астанада 4,6 млн теңге қарызға батқан көпбалалы ана банкроттықтан құтқарылды. Сот оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану арқылы әлеуметтік мәртебесін сақтап, қаржылық өмірін жаңадан бастауына мүмкіндік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот мәліметінше, әйел 2018 жылдан 2024 жылға дейін жалпы сомасы 4,6 миллион теңгеден астам несие мен микронесие алған. Оның бір бөлігі – эпилепсиямен ауыратын және ІІ топтағы мүгедектігі бар жұбайының еміне жұмсалған. Бұрынғы қарыздарын өтеу үшін ол жаңа микронесиелер алып, біртіндеп қарыз қақпанына түсіп қалған.

Сотқа жүгінген сәтте әйелдің екі банк пен 13 микрокаржы ұйымы алдындағы берешегі өтелмеген. Ал отбасының меншігінде жылжымайтын мүлік те, басқа құнды заттар да болмаған. Әйел акционерлік қоғамда жұмыс істейді, ай сайынғы табысы шамамен 240 мың теңге, сондай-ақ жұбайының мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады.

Қаржылық басқарушының айтуынша, арыз беруші өз міндеттеріне адал қараған және берешегін белгілі бір мерзім ішінде өтеуге дайын екенін көрсеткен. Сот осыны ескере отырып, оған банкроттықтың баламасы саналатын төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданған. Бұл шара азаматтың әлеуметтік мәртебесін сақтап, қаржылық өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік береді.

Апелляциялық алқа алғашқы сот шешімін заңды әрі негізді деп таныды.

Айта кетсек, «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң 2023 жылы күшіне енген. Ол қазақстандықтарға өз мүлкін және мәртебесін жоғалтпай, қарыз мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы