Көпбалалы әке баламен қалай тіл табыса білу керегін айтты

“Қазақстан әкелері қоғамдастығының” құрылтайшысы, ақтөбелік Еркін Тобылбаев үлгілі мұғалімдер отбасынан шыққан. Қазір қоғамдық жұмыспен қатар мұғалім қызметін де қатар алып жүр. Ол тарих пәнінің мұғалімі. Сарапшы бала мен әке арасындағы байланыс жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл ұйым 2021 жылдан бері еліміздің 20 өңірінде жұмыс істеп келеді. Қоғамдастық тәрбиенің 20 бағыты бойынша жұмыс істейді. Еркін Тобылбаевтың айтуынша, Ақтөбе облысы ұлттық құндылық бағытына жауапты.

Оның сөзінше, өңірде отбасындағы әке рөлін күшейту бойынша Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен бірқатар шаруалар атқарылып келеді.

Ақтөбеде Отбасын қолдау орталығы бар. Орталықта әкелерге арналған екі кабинет бар. Онда ажырасуға бет алған жастармен кездесу өткізіп, ажырасудан бас тартуға көмектестік. Қауымдастық бірінші кезекте отбасындағы зорлық-зомбылықтың және ажырасудың алдын алу, жалғызбасты әкелерді қолдау, отбасындағы «саналы әке» ұғымын қалыптастыру және қазіргі заманғы Z ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілдерін көрсетуді мақсат етеді, - дейді ақтөбелік.

Еркін Тобылбаев әкелердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

Жаһандану заманында әкелердің рөлі әйел адамдарға қарағанда дәрежесі төмен түсіп бара жатыр. Бұрын бізге “әкең келе жатыр”, “әкеңнен сұрау керек” деп, санасатынбыз. Ал қазіргі заман әлеуметтік, материалдық құндылыққа бағыт алып кеткендіктен, әкенің рөлін көтеруді басты мақсатымыз етіп отырмыз. Яғни әкенің рөлін дамыту арқылы біз ұлды да, қызды да тәрбиелей аламыз. Әке баласымен 10 жастан бастап ақылдаса бастауы керек. Баланы онымен санасу, оған бағыт-бағдар беру арқылы тәрбиелеу қажет, - деп санайды ол.

Еркін Тобылбаев 4 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Ол ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып жатқандықтан қоғамда әкелердің рөлі төмендеп бара жатқан деген пікірде.

Бірақ әр ана өзінің ерін қадірлей білуі керек. Осыны әрдайым есте ұстау қажет. Себебі ерін қадірлемесе, қалай дұрыс ұрпақ тәрбиелейміз. Мен ұйымға қосылып, қоғамдық жұмыстарға қатысу арқылы өзімді де тәрбиелей бастадым. Біз қоғамдастықта түрлі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Сол кезде ер азаматтың отбасында өзінің қателігін мойындай алмайтынын түсіндім. Ал мойындай білсе, ол өзімен күреседі деген сөз. Бала тәрбиесіне қатысқысы келмейтін әкелерге де кеңес береміз. Алдымен баланың ойын түсініп, әке оны өзіне жақын тарта білуі керек. Әр бала әртүрлі. Ата-ана балаға дер кезінде уақыт бөле білсе, онда баланың тәрбиесі де дұрыс болады, - дейді көпбалалы әке.

Еске сала кетейік, бүгін елімізде Әкелер күні.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы