Көпбалалы әке аула безендіріп, отбасын асырап отыр
Көпбалалы әке аула безендіріп, отбасын қалай асырап отырғанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үсен Ажибаев - Қызылорда қаласының тұрғыны. Бүгінде ол өз қызығушылығын кәсіпке айналдырып отырған азамат. Ерекше дүниемен көзге түскен жан бұл кәсіпті алғаш туысқанына жәрдем беру үшін бастағанын айтады.
Бұл кәсіпті 2014 жылы бастадым. Алғаш қарындасымның балабақшасына жасап бердім. Содан адамдар көріп, қызығып, тапсырыс бере бастады, - дейді ол.
Сондай-ақ көлік дөңгелектерінен басқа ағаштан да әртүрлі бұйымдар жасайтынын айтады.
Қосымша ағаштардан әртүрлі бұйым жасаймын. Әткеншек, сырғанақтар және т.б. Осыған дейін өз идеямнан біршама дүниелерді шығардым. Өзімнің 5 балам бар. Солардың көзқарасын, ойын, қызығушылығын зерттеймін. Көбінесе мультфильм кейіпкерлерін, жануарларды, балалар қызығатын дүниелерді бейнелеуге тырысамын, - дейді ол.
Кейіпкеріміз бұл салаға сұраныстың да жаз мезгіліне қарай артатынын айтады. Ал бағаны нарыққа қарай белгілейтінін жеткізді.
Өнімнің жасалуына қарай негізгі нарықтағы бағаға қарағанда төмен қоямын. Қолжетімді болу үшін. Дөнгелектерді өзім таңдап, сатып аламын. Бояуларды да сапалысын қарап аламын , - дейді Үсен мырза.
Қаншама уақыт пен қажырлы еңбекті қажет ететін мұндай өнімдер қала балабақшаларында көздің жауын алып тұр. Кейіпкеріміздің мақсаты – балаларға бастысы қауіпсіз болу.