Назарбаев ЕАЭО-ға әлі көп пайдасын тигізуі мүмкін – Путин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы ұйымның дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. 

«Біз Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасын атағын ұсындық. Ол жайлы айтылды. Мен бұған өте қуаныштымын. Әріптестерім де қолдай кетті. Оның өзіндік себебі бар. Себеп өте салмақты. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл идеяның авторы ғана емес, басынан бастап осы ұйымды құру үшін аянған жоқ. Көп уақытын арнады. Әлі де жұмыс істеп жүр. Бұл одақтың ынтымағы берік болуы үшін көп көмегі тиюі мүмкін. Біздің осы ұсынымызды қолдағаны үшін ол кісіге алғыс білдіремін», - деді Владимир Путин. 

Ресей Федерациясының президенті сонымен қатар ЕАЭО әрі қарай дамуы үшін Африка құрлығымен байланыс жасайтынын да айтты.

«Бұл ұйымның әрі қарай қанат жайып, дамуы үшін Африка құрлығының елдерімен байланыс жасайтын мүмкіндік бар. Осы жылдың 24 қазанында Сочи қаласында Ресей-Африка саммиті өтеді. Сол жиынға ЕЭК басшыларын қатысуға шақырамын. Қазіргі кезде Африка қауымдастығымен екіжақты әріптестік мақсатындағы меморандумдар дайындалып жатыр. Ол құжаттарға сол Сочидегі саммите қол қойылатын шығар», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін бес жыл толған аталған ұйымның мерейтойлық отырысына Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян қатысып жатыр. Сондай-ақ Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде шақырылған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы