"Көп адамды алдап кеткен": Қазақстандық Instagram-дағы жазба үшін соттасып, жеңіп шықты
Жамбыл облысында Instagram-дағы жалған ақпарат үшін сот шешімі шықты.
Жамбыл облысының тұрғыны Instagram аккаунты иесін сотқа беріп, өзі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін шағымданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жамбыл облысының тұрғыны Instagram аккаунты иесін сотқа беріп, өзі туралы екі рет жалған ақпарат таратқаны үшін шағымданды. Талап қоюшының айтуынша, бұл мәліметтер оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірген. Ол соттан жауапкерді ақпаратты жоққа шығарып, кешірім сұрауға міндеттеуді сұрады.
Жауапкер талапты мойындамай, жарияланымдарды бағалау сипатындағы пікірлер деп атады және туындаған жанжал аясында өзінің жеке көзқарасын білдіргенін мәлімдеді. Алайда Қордай аудандық соты жарияланымдарда қорлау сипатындағы мәліметтер жоқ деген қорытынды жасап, талап қоюшының шағымын қанағаттандырмай, шешім қабылдады.
Талап қоюшы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық тәртіппен шағымданды. Жамбыл облыстық сот істі қарап, бірінші сатыдағы сот қорытындысын өзгертті. Сот жауапкер жариялаған мәліметтердің нақты тұжырым түрінде берілгенін, жағымсыз сипатта екенін, талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат екенін анықтады. Атап айтқанда, талап қоюшыға қатысты «көп адамды алдап кеткен», «оның кесірінен кейбір адамдар түрмеге түскен» және «қоқан-лоқы көрсеткен адамдарды жіберген» деген мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді деп танылды. Апелляция мұндай тұжырымдарды пікір емес, нақты фактілер туралы мәлімдеме ретінде қабылдады, - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Нәтижесінде, бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, жауапкер Instagram аккаунтында бұрын таратқан жалған ақпаратты жоққа шығаратын жарияланым орналастыруға міндеттелді. Қаулы заңды күшіне енді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан азаматы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында Instagram арқылы 75 адамды алдап, 80 млн теңге жымқырған. Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Ресейден экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамалды.