Контейнерлер, астық және жаңа бағыттар: Жас логист Қазақстан экспортын қалай өзгертуде?
Әмина Махамбетова астық жеткізу мерзімін қысқартуға, логистикалық шығындарды азайтуға және қазақстандық экспорттаушыларға жаңа нарыққа жол ашуға мүмкіндік беретін жаңа контейнерлік сервисті іске қосуға көмектесті.
Биыл Қазақстанда Теміржол порты қызметкерлерінің күні 2 тамызға түсіп тұр. Бұл мереке пойыздардың қозғалысын, жолаушыларды тасымалдауды және ел ішінде де, одан тыс жерлерге де жүк жеткізуді қамтамасыз ететін мамандарға арналған. Кәсіби мереке қарсаңында BAQ.KZ тілшісі «Кедентранссервис» АҚ Логистика және тарифтік саясат департаментінің бас менеджері Әмина Махамбетованың бұл салаға қалай келгенін, астық экспортына арналған жаңа сервисті іске қосуға қалай көмектескенін және бір шешіммен жүк жеткізу мерзімін алты тәулікке қалай қысқартқанын біліп қайтты.
Жеті жылдан астам оқу және мамандықты саналы түрде таңдау
Әмина Махамбетова 1996 жылы дүниеге келген. Теміржолмен байланысты мамандықты ол еңбек жолын бастағанға дейін әлдеқайда бұрын таңдады.
Жеті жылдан астам уақыт бойы ол тасымалдауды ұйымдастыруды, көліктің қозғалысы мен пайдаланылуын зерттеді. Алдымен М. Тынышпаев атындағы Ақмола колледжінде төрт жыл он ай білім алып, кейін Алматыдағы Логистика және көлік академиясында оқуын жалғастырды.
«Мен мамандығымның тікелей теміржол көлігімен байланысты болатынын анық түсіндім», – дейді Әмина Махамбетова.
Ол еңбек жолын 2017 жылы жеке транспорттық-экспедиторлық компанияларда бастаған. 2021 жылы «Кедентранссервис» АҚ-на ауысты. Қазіргі уақытта Логистика және тарифтік саясат департаментінің бірінші деңгейлі бас менеджері лауазымын атқарады.
Оның міндеттеріне контейнерлік және вагондық жөнелтілімдерге тарифтік ставкаларды есептеу, жабық вагондармен, жартылай вагондармен, цистерналармен және астық тасығыштармен жұмыс істеу, сондай-ақ үстеме бағаларды, жеңілдіктерді және валюталық тәуекелдерді есепке алу кіреді.
Бұдан бөлек, маман шетелдік серіктестермен өзара әрекеттеседі, ағылшын тілінде коммерциялық ұсыныстар дайындайды, келісімшарттарды келіседі және клиенттердің шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін баламалы бағыттарды іздейді.
Жеке бағыттардың бірі цифрландыру болды. Әмина CRM-жүйесін, тарифтік калькуляторды және клиенттердің жеке кабинетін жетілдіруге қатысады.
Неліктен астықты контейнерлермен тасымалдау ұйғарылды
Әмина Махамбетова жұмыс істеп жатқан жобалардың бірі – контейнерлік және вагондық парктерді пайдалана отырып, астық экспортына арналған жаңа сервис болды.
Бұл сервистің құрылуы нарықтағы бірден бірнеше мәселелердің шешіміне айналды. Белсенді экспорт кезеңінде Қазақстанда фитингтік платформалар мен контейнерлердің тапшылығы туындайды. Астықты әдеттегі астық тасығыштармен және жабық вагондармен Қытай бағытында тасымалдау да Алтынкөл және Достық мемлекетаралық түйісу пункттеріндегі жүктеменің артуына байланысты көбірек уақыт алуы мүмкін.
Контейнерлік поездар бұл процесті жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Фитингтік платформалардың басты мәселесі – олардың көбіне бос қайтуында. Контейнерлендіру тұйықталған бағыттарды құруға мүмкіндік береді. Бір бағытта біз астық тасымалдасақ, кері қарай сол контейнерлерде немесе сол платформаларда халық тұтынатын тауарлар мен өнеркәсіптік шикізатты жеткіземіз. Бұл бүкіл айналым бойынша тарифтік жүктемені айтарлықтай төмендетеді», – деп түсіндіреді маман.
Контейнерлік форматтың тағы бір артықшылығы – бағыттың икемділігі. Классикалық астық тасығыштар теміржол инфрақұрылымы мен мамандандырылған терминалдарға таңылған. Ал контейнерлерді «соңғы миляда» жеткізу үшін автокөліктерге қайта тиеуге немесе терең сулы астық терминалдары жоқ порттар арқылы теңіз контейнер тасығыштарымен жөнелтуге болады.
Әмина Махамбетованың айтуынша, мұндай тәсіл қазақстандық өнімдердің Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс және Африка нарықтарына шығуын кеңейте алады.
Контейнер жөнелтушінің элеваторында мөрленіп, тек соңғы сатып алушыда ашылады. Бұл аралық қайта тиеу санын азайтады, өнімнің ылғалдану, бүліну және ұрлану қаупін төмендетеді, сондай-ақ қоймалық операцияларға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
«Контейнерлік және вагондық парктердің үйлесімі өткізу қабілетінің жетіспеушілігі мәселесін шешуге, бос жүрістерді азайту есебінен логистика құнын төмендетуге және астық жеткізуді икемді әрі белгілі бір инфрақұрылым түріне тәуелсіз етуге көмектеседі», – деп атап өтті ол.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, жобаны іске асыру кезеңінде «Кедентранссервис» АҚ жөнелткен қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3 млн тоннадан асты.
Жобаның іске қосылуына негіз болған ставка
Жаңа сервисті құрудағы басты міндеттердің бірі бәсекеге қабілетті тарифті қалыптастыру болды.
Команда клиенттерге астықты контейнерде тасымалдау дәстүрлі мамандандырылған вагон-хоппермен жөнелтуден қымбатқа түспейтінін дәлелдеуі керек еді.
«Бiзге қос операциялардың экономикасын егжей-тегжейлі есептеуге тура келді. Астықты контейнерде тасымалдау құны классикалық хопперге кететін шығындардан аспауы тиіс болды. Бұған кері бағыттағы транспорттың кепілдік берілген жүктемесі арқасында қол жеткізілді», – дейді Әмина Махамбетова.
Оның айтуынша, логистің жұмысы тек бағытты таңдаумен шектелмейді. Маман станциялардың жүктелуін, вагондар мен контейнерлердің болуын, тарифтердің өзгеруін, валюталық ауытқуларды, шекарадан өту мерзімдерін және мүмкін болатын инфрақұрылымдық шектеулерді алдын ала ескеруі тиіс.
Алты тәулікті үнемдеген шешім
Ең күрделі эпизодтардың бірі экспорттық пойызды пилоттық жөнелту болды. Тораптық станциядағы кептеліске байланысты елеулі кешігу қаупі туындады.
Шетелдік сатып алушы өнімді қабылдаудың қатаң мерзімдерін белгілеген еді. Кестенің бұзылуы кеменің бос тұруы үшін айыппұлдарға және келісімшарттың жоғалуына әуелуі мүмкін еді.
Баламалы бағытты әдеттегі тәртіппен келісу бірнеше күнге созылуы мүмкін еді. Сол кезде Әмина Махамбетова диспетчерлік аппаратпен және «ҚТЖ – Жүк тасымалы» басшылығымен жедел кеңес өткізуді ұсынды.
«Мен ағынды қайта бағыттау схемасын ұсындым және біздің құрамның баламалы түйісуде қосымша жүктеме тудырмайтынын дәлелдедім. Тәуекел жоғары болды, бірақ бастама өзін ақтады. Пойыз қайта бағытталды, осының арқасында біз алты тәулікті үнемдедік. Жүк дәл уақытында жетті, бұл клиенттің жаңа сервиске деген сенімін нығайтты», – деп еске алады ол.
Заманауи логист үш қадам алға көре білуі керек
Әмина Махамбетова теміржол логистикасы «жай ғана вагонды жөнелту» міндетінен әлдеқашан шығып кеткенін атап өтеді.
Бүгінгі таңда маманға цифрлық сауаттылық, халықаралық көлік құқығын білу, тарифтік саясатты түсіну және коммерциялық келіссөздер жүргізе білу қажет.
«Ең басты қасиет – проактивтілік және вагон «тасталғандар» арасында болмай тұрып-ақ, тәуекелдерді үш қадам алға есептей білу. Дедлайн жағдайында тапсырмаларды нақты басымдыққа қою және процестерді цифрландыру көмектеседі. Мен тек түйсікке сүйенбеймін: жолдарда форс-мажор болған жағдайда менде әрдайым Б жоспары мен В жоспары болады. Жоғары жауапкершілік сен тәуекелдерге жай ғана әрекет етпей, оларды басқарған кезде салмақ түсірмейді», – дейді маман.
Сандар стереотиптерден де басым түскенде
Теміржол саласы ұзақ уақыт бойы негізінен ерлердің қызметі болып саналды. Мансабының алғашқы кезеңдерінде Әминаға да өндірістік кеңестерде оған күмәнмен қарайтындарды көруге тура келді.
Дегенмен, оның айтуынша, саладағы басты уәж – кәсіби білім мен нақты нәтижелер.
«Теміржолда құзыреттілік, нормативтік базаны, Теміржолдар жарғысын және тарифтік нұсқаулықтарды білу, сондай-ақ дәл есептеулер маңызды. Әріптестерің сен ұсынған логистикалық схема компанияға миллиондарды үнемдеуге және вагон айналымын бір тәулікке қысқартуға мүмкіндік беретінін көргенде, гендерлік стереотиптер жойылады», – дейді ол.
Әмина Махамбетованың пікірінше, әйелдер күрделі жеткізу тізбектерін басқаруға жүйелілікті, бөлшектерге зейінділікті, келіссөздердегі икемділікті әкеліп, клиенттермен коммуникацияны құра біледі.
Нүктелік жобадан халықаралық сервиске дейін
Кәсіби мереке қарсаңында Әмина Махамбетова «Үздік жас маман» атанды.
«Мен үшін бұл тек жеке мақтаныш емес. Бұл логистикадағы стандартты емес және инновациялық тәсілдердің, соның ішінде астықты контейнерлендіру жөніндегі жобамыздың жоғары деңгейде бағаланатынының белгісі. Бұл біздің командамыздың дұрыс бағытта келе жатқанының дәлелі», – дейді ол.
Маман келесі мақсат ретiнде контейнерлік сервисті бөлек жөнелтімдерден тұрақты цифрлық логистикалық өнімге айналдыруды атайды.
Жоспарда – элеватордан портқа дейінгі бүкіл тізбекті автоматтандыру, шекаралық өткелдерде құжаттарды рәсімдеу мерзімін қысқарту және халықаралық көлік дәліздері бойынша тасымалдар географиясын кеңейту.
«Біз жаңа бағыттарды ашқымыз келеді, тасымалданатын жүктер сегментін кеңейтіп, кедергісіз (бесшовные) технологияларды енгізгіміз келеді. Міндет – клиенттің жүк жүретін бүкіл жолда ашық әрі ыңғайлы сервис ала алуында», – деп түйіндеді Амина Махамбетова.
Әмина Махамбетованың оқиғасы заманауи теміржол саласының терең кәсіби білімді, цифрлық құралдарды және күрделі шешімдер үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайындықты ұштастыра білетін мамандардың арқасында дамып келе жатқанын көрсетеді.
Дәл осындай бастамалар Қазақстанға экспорттық бағыттарды кеңейтуге, жеткізу мерзімін қысқартуға және халықаралық логистикалық нарықтағы позициясын нығайтуға көмектеседі.