Контент үшін қауіпке барғандар: Жамбылда ереже бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желідегі қаралым немесе әсерлі кадр үшін қауіпке баруға болмайтынын ескертеді.
Жамбыл облысында әлеуметтік желіге әсерлі контент түсіру үшін жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, полиция департаментінің жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы жүргізілген мониторинг барысында бірнеше қауіпті құқық бұзушылық анықталған.
Белгілі болғандай, жолаушылар қозғалыс кезінде автокөлік терезесінен денелерін сыртқа шығарып, өз өмірі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген. Ал оқиғалардың бірінде мобилограф қатар келе жатқан көлікті түсіру үшін терезеден беліне дейін шығып тұрған.
Полиция қызметкерлері қауіпті әрекеттердің жолын дер кезінде кесіп, көлік жүргізушілерін жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желідегі қаралым немесе әсерлі кадр үшін қауіпке баруға болмайтынын ескертеді. Мұндай жауапсыз әрекеттер ауыр жол-көлік оқиғаларына әкеліп, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.