Конституцияның 30 жылдығы: Татарстан астанасында опера премьерасы өтті

2025 жылғы 26 тамызда Татарстанның Мұса Жәлил атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында қазақстандық композитор Хамит Шанғалиевтің "Хан Сұлтан. Алтын Орда" операсы алғаш рет сахналанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрлігінң мәліметінше, қойылымды Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұсынды. Гастроль Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына және Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.

Премьераға арналған 990 билет бір апта ішінде түгел сатылып, зал аншлагпен толды. Спектакль соңында көрермендер ұзақ уақыт қол шапалақтап, жоғары бағасын берді. Қойылымды әлемдік деңгейдегі режиссер Давиде Ливерморе сахналады, оған 200-ден астам әртіс қатысты.

Салтанатты ашылуда Татарстан премьер-министрінің орынбасары Лейла Фазлеева Қазақстан мен Татарстан халықтарын байланыстыратын ортақ тарих пен құндылықтарға назар аударды. Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов бұл премьераның екі халық арасындағы рухани байланысты нығайтып, халықаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті.

Хан Сұлтан операсы – ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді дәріптейтін туынды. Ол халықтарымыздың достығы мен шығармашылық ынтымақтастығының жарқын белгісіне айналды, – деді Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің құттықтау сөзінде.

Театр директоры Айнұр Көпбасарова да алғысын білдіріп: «Бұл қойылым – жай ғана өнер емес, Алтын Орданың асыл мұрасын еске салатын рухани қазына», – деп атап өтті.

Премьера қарсаңында Қазанда баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Онда шығармашылық топ қойылымның дайындалу барысы, тарихи нақтылығы және ұлттық аспаптарды қолдану ерекшеліктері туралы айтты. Сондай-ақ театр алдағы уақытта Алтын Орданың құрылуына үлес қосқан әйелдер туралы жаңа көркем фильм түсіруді жоспарлап отырғанын жария етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы