Конституциялық Сотта азаматтар қандай құқық нормаларын даулады
Азаматтардың өтініштері бойынша 40-тан астам құқықтық нормалардың Конституцияға сәйкестігі тексерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Конституциялық соттың ресми сайтына сілтеме жасап.
Конституциялық Сотқа азаматтардан жылдың басынан бері барлығы 4,4 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 4,1 мыңы конституциялық бақылау органына жүгінудің нысаны, мазмұны мен шарттары бойынша талаптардың сақталмауына байланысты өтініш берушілерге қайтарылды. 150-ден аса өтініш КС Аппаратының алдын ала қарауында, оның ішінде 8 өтініш конституциялық іс жүргізуге қабылданды, ал 11 өтініш қазіргі таңда судьялардың зерделеуінде.
Бүгінгі таңда Конституциялық Сот 33 нормативтік қаулы шығарды, оның ішінде азаматтардың өтініштері бойынша – 27, Президенттен – 3, Парламент депутаттарынан – 1, Мемлекеттік орган өкілінің өтініші бойынша – 1.
Азаматтардың өтініштері бойынша 40-тан астам құқықтық нормалардың Конституцияға сәйкестігі тексерілді, оның 8-і конституциялық емес деп танылса, 16-ы Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес деп танылды.
Мәселен, мына нормативтік құқықтық актілердің жекелеген ережелері Негізгі заңға сәйкес емес деп танылды:
- кассация кезінде мемлекеттік баждың 50% алу туралы Салық кодексінің 610-бабы 2-тармағының ережелері әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқыққа нұқсан келтіруге және оны шектеуге алып келетін «осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде» деген сөздер бөлігінде;
- мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін қызметтен шығарылған азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасы;
- өмір бойына сотталғандар үшін бас бостандығынан айырудың алғашқы 10 жылында ұзақ кездесулерге тыйым салу туралы Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабы алтыншы бөлігінің 3) тармақшасы;
- молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын асырап алу туралы сотқа арызға қосымша туралы талап белгілейтін Жоғарғы Соттың «Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» 2016 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 3-тармағының бесінші абзацы;
- Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігі құқығына шектеуді белгілеу бөлігінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабы;
- «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 26-бабы 2-тармағының 8) тармақшасымен өзара байланысты болу үшін қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен шығарылған адамдардың әскери қызметке және құқық қорғау қызметіне кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы және «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы;
- сотталғандардың білікті заң көмегіне қол жеткізуін шектеу бөлігінде Қылмыстық-процестік кодексінің 482-бабы бірінші бөлігінің бірінші сөйлемі.
Конституциялық емес деп танылған құқықтық нормалар мемлекеттік органдардың немесе жалпы юрисдикция соттарының шешімдерінде қолданылды, нәтижесінде өтініш берушілердің, сондай-ақ белгісіз адамдар тобының конституциялық құқықтары мен бостандықтары бұзылды.
Конституциялық Сот біркелкі құқық қолдану мақсатында Еңбек кодексінің (1), Қылмыстық-процестік кодекстің (5), Қылмыстық кодекстің (1), Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (4), Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (1), «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның (3) және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңның (1) нормаларына түсіндірме берді. Түсіндірме берілген норманы қолдану кезіндегі құқықтық салдар норманы конституциялық емес деп танумен бірдей болады.