Конституциялық сотқа ай сайын 500-ден астам азамат жүгінеді
Биылғы жылдың басынан бері Конституциялық сотқа 2,7 мың өтініш түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоның ресми сайтына. сілтеме жасап.
Келіп түскен өтініштің 25%-і заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру мәселесіне қатысты.
Талдау көрсеткендей, азаматтар жолдаған өтініштердің 99%-і мына мәселелерге қатысты болған: сот шешімдерімен келіспеушілік – 42%; НҚА немесе оның жекелеген ережелерін конституцияға сәйкес емес деп тану - 25%; ақпаратқа қол жеткізу мәселелері – 3,5%; еңбек заңнамасының сақталуы – 1,3%; әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері – 1,4%; қылмыстық-атқару жүйесі -1,4%, - деп жазылған хабарламада.
Өтініштер саны бойынша Астана мен Алматы қалалары, Қостанай, Қарағанды және Жамбыл облыстарының тұрғындары көш басып тұр.
Бірінші айда Конституциялық сотқа 826 өтініш келіп түсті, олардың көбі заң талаптарына сәйкес келмеген.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының, оның ішінде заңгерлік қоғамдастықпен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өтініштердің сапасы оң жаққа өзгерді. Оған конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініштер дәлел бола алады. Қазіргі таңда 9 іс бойынша конституциялық іс қозғалды, тағы 44 іс судьялардың алдын ала зерделеуінде жатыр, - деп хабарлады Конституциялық соттың баспасөз қызметі.
Өтініштер статистикасына сәйкес, ай сайын Конституциялық сотқа орта есеппен 500-ден астам азамат жүгінген. Атап айтқанда, ақпанда – 680, мамырда – 536 және сәуірде – 568.
Конституциялық Сот жұмысын бастағалы 4 айда 11 нормативтік қаулы шығарылса, оның 8-і азаматтардың өтінішіне қатысты болған.