Конституциялық Сот пен сот органдарының айырмашылығы қандай?
Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмаханов түсіндірді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Нұрмаханов Конституциялық Кеңес пен жаңадан құрылған Конституциялық Соттың айырмашылығы неде екенін айтты.
Жаңадан құрылған Конституциялық Сотқа азаматтардың тікелей жүгіну құқығы қарастырылған. Бұған дейін жұмыс істеген Конституциялық кеңесте 27 жыл ішінде азаматтарда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Олар өздерінің конституциялық құқықтарын қозғайтын, оған нұқсан келтіретін заңдарды, өзге де нормативтік құқықтық актілерді басқа субъектілер арқылы ғана даулай алды.
Айта кетсек, сот органдары арқылы қандай да бір азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, басқа да істі қарау барысында, егер азамат қолданыстағы заң өз құқықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, судьяға өтініш білдіруге мәжбүр болды. Оның өтініші қанағаттандырыла ма, қанағатандырылмай ма, оны толығымен судья шешетін болған. Сондықтанда осы жылдар ішінде Конституциялық кеңеске бар-жоғы соттан 78 ғана ұсыныс келіп түсті. Бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш емес, - деді Бақыт Нұрмаханов.
Оның түсіндіруінше, Конституциялық Сот Конституциялық кеңестің бүкіл өкілеттіктерін алды.
Бұл – Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру, Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін Ата заңның талаптарына сәйкестігін тексеру, сонымен бірге халықаралық шарттарды ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін тексеру, Парламент пен оның палаталарының қаулыларының Конституцияға сәйкестігін тексеру, соттардың, азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін заңдардың конституциялығын тексеру туралы ұсыныстарын қарау, дау туындаған жағдайда Президент сайлауының және Парламент депутаттарының сайлауының дұрыстығын қарау, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар биыл Конституциялық Сотқа жүгінетін субъектілердің қатары толығып, оларға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және азаматтар қосылды. Енді күшіне енген заңдарды Конституциялық Сотта – Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және азаматтар қосылды.
Еліміз халықаралық тәжірибені ескере отырып, Конституциялық Сот жеке сот жүйесіне кірмейтін тәуелсіз мемлекеттік орган болады деген модель ұсынылды және ол қабылданды. Сондықтан қазір жалпы сот юрисдикцияларының жүйесіне Конституциялық Сот кірмейді, олардың шешімдерін қарастырмайды, бұл дербес мемлекеттік орган болып табылады, - деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.