Бүгiн 2026, 11:02 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Конституциялық Сот маңызды шешім шығарды: Енді сот мерзімінен артық қамауда ұстауға болмайды

Азаматтардың бостандығына қатысты маңызды қағидат нақтыланды. Конституциялық Сот қандай норманы Конституцияға қайшы деп танығанын оқыңыз.

2026 жылғы 10 маусымда Конституциялық Сот адамның жеке бас бостандығына қатысты маңызды құқықтық қағидатты растады. Соттың нормативтік қаулысына сәйкес, ешкім заңда және сот шешімінде белгіленген мерзімнен артық күзетпен ұсталмауға тиіс.

Бұл конституциялық іс жүргізуге сот талқылауы барысында күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға қатысты мәселелер жөнінде азаматтардың өтініштері негіз болған.

Адам тек заңда көзделген негіздер бойынша және сот шешімімен ғана күзетпен ұсталуы мүмкін. Бұл – Конституцияда бекітілген негізгі құқықтық кепілдіктердің бірі, - деп атап өтті Конституциялық Сот.

Істі қарау барысында Сот Қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабында құқықтық олқылық бар екенін анықтады. Атап айтқанда, қолданыстағы редакция күзетпен ұстау мерзімін ұзарту мәселесін бұрын белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін де шешуге болады деген түсінік қалыптастыруы мүмкін.

Мұндай құқықтық белгісіздік азаматтың алдыңғы сот шешімімен белгіленген мерзімі аяқталғанына қарамастан қамауда қала беруіне жол ашуы ықтимал.

Осыған байланысты Конституциялық Сот сот шешімінсіз адамды тіпті қысқа мерзімге болса да күзетте ұстауға болмайтынын атап өтті. Мұндай тәжірибе Конституция талаптарына қайшы келеді, - делінген хабарламада.

Сот Қылмыстық-процестік кодекстегі «осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін» деген сөздерді Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Сонымен қатар күзетте ұстау мерзімін ұзарту туралы мәселе қолданыстағы мерзім аяқталғанға дейін алдын ала шешілуі қажет екенін көрсетті.

Конституциялық Сот тағы бір маңызды мәселеге де түсінік берді. Ауыр қылмыстар бойынша сот талқылауы кезеңінде сотталушыны күзетпен ұстаудың заңда белгіленген ең ұзақ мерзімі – 12 ай.

Сот бұл мерзім аяқталғаннан кейін адамды сол қылмыстық іс аясында қайтадан күзетке алуға болмайтынын нақтылады. Яғни заңда белгіленген ең жоғары мерзім түпкілікті болып есептеледі және оны айналып өтуге жол берілмейді.

Конституциялық Соттың айтуынша, қабылданған нормативтік қаулының негізгі мақсаты – азаматтардың жеке бас бостандығына деген конституциялық құқықтарын тиімді қорғау. Осыған байланысты мемлекеттік органдар мен соттар адамның бас бостандығын шектеуге қатысты заңда белгіленген барлық мерзімді қатаң сақтауға міндетті.