Конституциялық сот кез келген азаматтың құқығын қорғайды - Ерлан Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Хабар» телеарнасының эфирінде өтіп жатқан «Референдумға барамын» телемарафонында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мәлімдеді. 

Бұл Конституциялық реформалардың ең басты маңызы – негізгі саяси институттар арасындағы қарым-қатынастарда оптималды баланс орнату. Яғни, мысалы, Парламенттің өкілеттілігін, мәртебесін арттыру. Өздеріңіз білесіздер, енді Есеп комитеті Жоғарғы аудиторлық палата болып өзгертіледі. Бұл палатаның төрағасы жылына екі рет Парламент алдында есеп береді. Бұл норма Парламенттің, атап айтқанда, Мәжілістің бюджеттің қолданылуы бойынша қадағалау функциясын күшейтеді, - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ ол жаңадан құрылатын Конституциялық соттың алатын рөліне тоқталып өтті. 

Осы Конституциялық реформаның пакетіндегі ең үлкен өзгерістердің бірі – жаңадан құрылатын институт Конституциялық сот. Кейбіреулер Конституциялық сот  қазіргі Конституциялық кеңестің аты ғана өзгерген түрі деп ойлайды. Жоқ. Егер қазіргі Конституциялық кеңеске Президент, Үкімет, Парламент қана белгілі бір мәселелермен жүгіне алатын болса, сонымен қатар ол тек қана белгілі бір нормативтік құжаттардың Конституцияға сәйкестігі жөнінде тұжырым береді. Енді мүлдем жаңа институт құрылады. Бұл институтқа Президент, Парламент палатасының спикерлері, депутаттар, Үкімет, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және ең бастысы еліміздің кез келген азаматы өзінің құқықтарын қорғау бойынша жүгіне алады. Біз осы реформалар арқылы әр түрлі саяси институттар арасындағы қарым-қатынасты жаңа оптималды балансқа келтіреміз, - деді Ерлан Қарин.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы