Конституциялық реформаның жаңа кезеңі: Қазақстан Негізгі заңды неліктен қайта қарап жатыр?
Қазақстанда 2026 жылы конституциялық реформаның жаңа кезеңі басталды. Сарапшылардың бағалауынша, бұл қадам тек ішкі үдерістерге ғана емес, сонымен қатар қарқынды өзгеріп жатқан жаһандық ахуалға да берілген жауап болып отыр. Бұған дейін Негізгі заңды жаңарту анағұрлым кейінгі мерзімге жоспарланғанымен, бүгінде жаңа Конституция жобасын талқылау кең қоғамдық және сараптамалық деңгейге шықты.
Конституцияны қайта қараудың себептері, негізгі жаңашылдықтар мен ұсынылып отырған өзгерістердің логикасы туралы BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берген “Қазақстандық қоғамдық даму институты” КеАҚ басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова айтып берді.
Оның сөзінше, конституциялық өзгерістер мәселесін жоспарланған мерзімнен ертерек қарау туралы шешім көп жағдайда әлемдік саясат пен экономикадағы ауқымды өзгерістерге байланысты қабылданған. Геосаяси тұрақсыздықтың күшеюі, технологиялық серпілістер және мемлекеттер арасындағы өзара тәуелділіктің артуы елдерден саяси жүйенің икемді әрі бейімделгіш болуын талап етеді.
Менің ойымша, 2026 жылы Конституцияны өзгертуге әлемде байқалып отырған бірқатар факторлар әсер етті. Біз бұл үдерісті кейінге жоспарлаған едік, алайда бүгінде алдын ала болжау мүмкін болмаған шын мәніндегі тектоникалық өзгерістер жүріп жатыр. Геосаяси үдерістердің күшеюі, барлық процестердің жеделдеуі, жасанды интеллектінің пайда болуы, жекелеген мемлекеттердің сыртқы саясатының басқа елдердің ішкі нарықтарына күрт ықпал етуі өз ішкі құрылымымызға мұқият қарауға мәжбүрлейді. Қазіргі таңда мемлекеттің сын-қатерлерге жедел жұмылып, жауап бере алу қабілеті оның тұрақтылығына тікелей әсер етеді, – деді ол.
Сарапшы Қазақстан 2022 жылы конституциялық өзгерістердің ауқымды кезеңінен өткенін де еске салды. Өткен жылдар ішінде қай институттардың тиімділігін дәлелдегені, ал қайсысы қосымша жетілдіруді қажет ететіні айқындала түсті. Дәл осы практикалық тәжірибе мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың жаңа кезеңіне негіз болды.
2022 жылғы реформа барысында Конституцияның 33 бабына өзгерістер енгізіліп, Негізгі заңның ең ауқымды трансформациясы жүзеге асты деуге болады. Конституциялық сот құрылды, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты заңды түрде бекітілді, Парламенттегі саяси өкілдік өзгерді. Үш жарым-төрт жыл ішінде қандай тетіктердің жұмыс істейтіні, ал қайсысының қосымша баптауды қажет ететіні белгілі болды. Атап айтқанда, парламенттің екі палаталы жүйесі оны одан ары жетілдіру қажет екенін көрсетті, – дейді Жұлдызай Ысқақова.
Жаңа Конституция жобасындағы негізгі мәселелердің бірі – Парламенттің жоғары өкілді билік органы ретіндегі рөлін қайта пайымдау. Талдау зерттеулерінің деректеріне сәйкес, қоғамда өңірлік өкілдіктің өзге форматтарына және азаматтардың саяси институттармен өзара іс-қимылының неғұрлым түсінікті үлгісіне сұраныс сақталып отыр.
Парламент – бұл тек заң шығаратын орган емес, барлық өңірлер мен барлық азаматтардың мүддесін білдіруге тиіс жоғары өкілді билік органы. 90-жылдардан бері бірпалаталы парламентке және өңірлердің өзге форматтағы өкілдігіне қатысты қоғамдық сұраныс бар. Біздің институт пен басқа да талдау құрылымдарының сауалнамалары саяси институттарға деген сенім деңгейінің біркелкі емес екенін көрсетіп отыр. Сондықтан өкілдік тетігін қайта форматтау объективті қажеттілікке айналды, ал бұл мәселелер қазір өте белсенді талқыланып жатыр, – деп атап өтті ол.
Жаңа Конституция жобасы туралы сөз қозғаған Жұлдызай Ысқақова ұсынылып отырған әрбір түзету азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін айтты. Осыған байланысты құжат мемлекет пен қоғам арасындағы өзіндік қоғамдық келісім ретінде қарастырылып, оны жан-жақты әрі кең көлемде талқылау қажет екені атап өтілді.
Жаңа Конституция – мәні жағынан мемлекет пен азаматтар арасындағы қоғамдық келісім. Әрбір бап адамдардың өміріне тікелей немесе жанама түрде әсер етеді: біреулер үшін бұл құқықтар мен бостандықтарға қатысты болса, енді біреулер үшін неке институтына, ал тағы біреулер үшін саяси өкілдік мәселесіне байланысты. Қазіргі ұсынылып отырған жоба әлі де ұзақ уақыт бойы талқыланатын болады. Біз талдамалық орталық ретінде түрлі кәсіби және әлеуметтік топтардың сарапшыларын тарту жұмысын бастап кеттік. Мақсатымыз – ортақ ұстанымдарды қалыптастырып, ұсыныстарды Конституциялық сотқа ұсыну. Себебі сот әлі де ұсыныстар мен ұсынымдарды қабылдап жатыр, – деп атап өтті сарапшы.
Жаңа Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтардың қатарында Жұлдызай Ысқақова елдің саяси жүйесінің алдағы дамуын айқындайтын үш жүйелі өзгерісті атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер парламент моделіне, институционалдық рөлдерді қайта бөлуге және негізгі құндылықтарды конституциялық деңгейде бекітуге қатысты.
Бірінші түбегейлі жаңалық – парламент құрылымын өзгерту және өкілдіктің таза пропорционалды моделіне, Құрылтай форматына көшу. Бұл саяси партиялар арасындағы бәсекені күшейтіп, жекелеген тұлғалардың емес, нақты институттардың бәсекесіне жол ашады. Екіншісі – вице-президент институтын енгізу. Бұл президенттің позициясын едәуір нығайтып, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншісі – некені мемлекет ресми түрде тіркейтін ер мен әйелдің одағы ретінде тану туралы норма. Бұл қағида елдің ұстанымын ұзақ мерзімге бекітіп, отбасы институтын негізгі құндылық ретінде сақтауға бағытталған, – деп түйіндеді ол.