21 Тамыз 2026, 15:36 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Конституциялық реформа Қазақстанның әлеуетін толық ашуға тиіс – Андрей Казанцев

Конституциялық реформа мен сайлау Қазақстанның ресурстары мен мүмкіндіктерін барынша ашуға ықпал етуі тиіс. Бұл туралы Орталық Азия бойынша сарапшы, Нархоз университетінің профессоры Андрей Казанцев Астанада өткен «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты National Think Tank Forum барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мен жасаған түпкілікті қорытынды мынадай: конституциялық реформа мен сайлау – Қазақстанның жоғарыда аталған ресурстары мен мүмкіндіктерін барынша ашуға ықпал етуі тиіс саясат. Бұл қазіргі әлемнің қаншалықты белгісіз, күрделі әрі қақтығыстарға толы екенін ескерсек, аса маңызды, – деді Андрей Казанцев.

Сарапшы Қазақстанның және өзге де мемлекеттердің алдында тұрған жаңғыру міндеттеріне жеке тоқталды.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Сонымен қатар бұл – бүгінде әлемнің барлық елі шешуге тиіс жаңа жаңғыру міндеті. Бұл тұрғыда Қазақстан бірегей емес, мұндай сын-қатер барлық мемлекеттің алдында тұр. Оның ішінде цифрлық трансформация, жасанды интеллект, білім экономикасы, білім беру жүйесін жаңарту және мамандықтардың өзгеруіне дайындық мәселелері бар, – деді ол.

Казанцев Қазақстанның демографиялық әлеуетіне және халық құрамындағы жастардың үлесіне де назар аударды.

Қазір жастар Қазақстан халқының шамамен 30 пайызын құрайды. Бұл елеулі демократиялық әлеует қалыптастырады. Оған қоса, мемлекет тарапынан білім саласына құйылып жатқан ауқымды инвестициялар мен жеткілікті деңгейде тиімді жүргізіліп отырған саясатты ескерсек, Қазақстан бұл бағытта тек көршілес елдермен ғана емес, әлемнің көптеген мемлекетімен салыстырғанда да жақсы көрсеткішке ие. Мұның бәрі постиндустриялық трансформация үшін берік негіз қалыптастырады, – дейді сарапшы.

Ол елдің тарихы мен мәдениетіне сүйене отырып, өзіндік даму моделін іздеуді тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Ұлы дала тарихына, өзінің мемлекеттілік дәстүріне, соның ішінде Алтын Орда мұрасына бет бұруы аталған жаһандық үрдіспен толық үйлеседі. Бұл – өткенге оралу емес, керісінше мәдени мұраны алға жылжу үшін пайдалану, – дейді Казанцев.

Оның айтуынша, саяси жаңғыруды, адами капиталды, білім мен мәдени мұраны ұштастыру елдің одан әрі дамуына қосымша мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін Андрей Казанцев Қазақстанның сыртқы саясатын «үлкен жетістіктер саясаты» деп бағалап, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасымен де байланыстырған болатын.