10 Наурыз 2026, 18:36

Конституциялық өзгерістер: Сарапшы қоғамды салмақты шешім қабылдауға шақырды

Саясатанушы маңызды мәселені TikTok-тағы 15 секундтық бейнероликтің немесе әлеуметтік желідегі бір ғана жазбаның ықпалымен шешуге болмайтынын айтады.

Саясаттанушы Риззат Тасым алдағы маңызды саяси шешім қарсаңында қоғамда ұсынылып отырған Конституция жобасын байыппен талқылауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сарапшының айтуынша, Конституция – мемлекеттің негізгі заңы болғандықтан, оған қатысты кез келген шешім әр азаматтың саналы таңдауына негізделуі тиіс.

Мұндай маңызды мәселені TikTok-тағы 15 секундтық бейнероликтің немесе әлеуметтік желідегі бір ғана жазбаның ықпалымен шешуге болмайды. Әр азамат ұсынылып отырған Конституция жобасын және оған қатысты пікірлерді мұқият қарап, байыппен зерделеуі керек. Яғни қоғам бұл мәселеге салқынқанды, саналы түрде келуі қажет, – деді саясаттанушы.

Оның сөзінше, Конституцияға қатысты шешімдер саяси тұрғыдан әділ әрі салмақты қабылдануы тиіс.

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Сондықтан оны қабылдау әр адамның ішкі жауапкершілігіне, азаматтық ұстанымына байланысты. Мұндай шешімдер қоғам мүддесіне сай, саяси тұрғыдан әділ қабылдануы керек, – деді Риззат Тасым.

Сонымен қатар саясаттанушы 2023 жылы Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеуге тоқталды. Аталған зерттеу барысында Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талданған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, тәуелсіздік алғаннан бері шамамен 30 жыл ішінде Конституцияға 197-ге жуық өзгеріс пен толықтыру енгізілген, – дейді ол.

2023 жылғы қорытынды баяндамада сарапшылар Конституцияға жиі түзету енгізу тәжірибесін ескере отырып, алдағы уақытта ауқымды өзгерістер қажет болған жағдайда оларды жекелеген түзетулер арқылы емес, жаңа Конституция қабылдау арқылы жүзеге асыру орынды болуы мүмкін деген ұсыныс білдірген.

Сондай-ақ Қазақстандағы нормативтік-құқықтық актілерді реттеу тәртібіне сәйкес, егер заң жобасының үштен екі бөлігіне өзгеріс енгізілсе, онда ол жаңа құжат ретінде қарастырылады.