Конституциялық комиссия білім мен медицинаға қатысты баптарды нақтылауды ұсынды

Конституциялық комиссия білім мен медицинаға қатысты баптарды нақтылауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева елордада өтіп жатқан Конституциялық комиссия отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, мемлекеттік бюджеттің 40 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталған.

Осы орайда, құжаттың 32 және 33-баптарында азаматтарымыз үшін ақысыз негізде медициналық көмек пен бастауыш және орта білім алу құқықтарының бекітілуі – шын мәнінде жоғарыда аталған адами капиталды дамытудың негізі екені сөзсіз. Сонымен бірге, бұл баптардың 3-ші тармағында көрсетілген ақылы көмек алу құқығы да азаматтардың денсаулығын сақтаудағы мүмкіндіктерін арттыратын маңызды норма. Бұл тұрғыда ұсынылып отырған құқықтық тұжырым орынды деп санаймын, - деді вице-премьер.

Сондай-ақ министр осы баптарға қатысты кейбір ұғымдарда мазмұндық тұрғыда нақтылау қажеттігіне тоқталды.

Мәселен, 33-баптың 1-тармағында: «бастауыш және орта білім» деген тіркесті «орта мектеп» немесе «жалпы білім» ұғымымен алмастыруды ұсынамын. Өйткені, құқықтық тұрғыда елімізде мектеп қабырғасында алған білім бастауыш емес, тек 9-шы және 11-ші сыныптардан кейін ғана құжат түрінде нақтыланады. Сонымен қатар 33-баптың 2-тармағындағы: «Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негiзінде жоғары білім алуға құқығы бар» қағидасынан «мемлекеттік» деген сөзді алып тастауды ұсынамын. Себебі, бұл Конституцияның бұрынғы жобасынан қалған норма ретінде жоғары білім саласындағы қазіргі заманауи өзгерістерге сай келмейді, - дейді Аида Балаева.

Сонымен қоса ол норманың неліктен өзгерістерге сай келмейтінін атап көрсетті.

Атап айтқанда, біріншіден, бүгінде барлық мемлекеттік жоғарғы оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам құқықтық статусында қызмет атқарады. Сондай-ақ азаматтарымыз мемлекетіміздің ақысыз жоғары білім алу құқығын тек мемлекеттік жоғарғы оқу орындарында ғана емес, жекеменшік университеттерде де пайдалана алады, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы