Конституциялық кеңес комиссияның алғашқы отырысын қорытындылады
Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Іс-шара кеңейтілген форматта ұйымдастырылып, оған Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, қоғам қайраткерлері, орталық мемлекеттік органдардың жауапты лауазымды тұлғалары, БАҚ өкілдері, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің мүшелері, сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті Жарлығын орындау аясында жұмыс істейді. Оған Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Комиссия төрағасының орынбасарлары — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Алғашқы отырыста қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер енгізуге қатысты негізгі ұсыныстарды жан-жақты қарастырды.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа Жолдауында «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде бірпалаталы Парламент құру бастамасын көтерген болатын.
Бұл маңызды саяси реформа жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының одан арғы бағытына айтарлықтай ықпал етпек.
Өткен жылдың қазан айынан бері жаңа реформаны әзірлеу аясында азаматтардан, 7 саяси партиядан, 16 қоғамдық ұйымнан және әртүрлі сала мамандарынан 2 мыңнан астам ұсыныс түскен. Атап айтқанда, e-Otinish және eGov порталдары белсенді пайдаланылған.
Алайда ұсыныстар тек бірпалаталы Парламент мәселесіне ғана қатысты болмай, саяси әрі әлеуметтік өмірдің көптеген басқа да қырларын қамтыған. Осыған байланысты Мемлекет басшысы конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдаған.
Алғашқы отырысты ашқан Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова Комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық жаңғыруға өтудің белгісі ретінде қарастыру керектігін айтты.
Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – Негізгі заңды бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге лайықты жауап бере алатындай етіп қайта баптау, – деді Эльвира Азимова.
Өз сөзінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 20 қаңтар күні Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы жариялаған конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталды.
Президент өз ұстанымдарын ортаға салып, жаңа парламентті “Құрылтай” деп атауды ұсынды. Бұл атауды ерекше маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалу қажет екенін атап өтті. Жаңа өкілеттіктерге ие, ерекше атауы бар жаңа Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің терең тамырын көрсетеді, – деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол бірқатар негізгі рәсімдік шешімдер туралы хабарлады: Құрылтай депутаттарының саны 145 болады, кандидаттарға қойылатын талаптар бұрынғыдай сақталады, сайлау толығымен пропорционалды жүйе бойынша өтеді, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуға ықпал етіп, олардың институционалдық рөлін күшейтеді әрі саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады, – деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.
Сонымен бірге ол конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешімді жалпыұлттық референдумда ел азаматтары қабылдайтынына ерекше назар аудартты.
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы бірнеше жыл бойы жүйелі түрде қалыптасқан бүкіл саяси конструкцияны «түйіндейтін» тарихи ұсыныс жасағанын айтты.
Президент бірқатар елдерде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, біздің жағдайда бұл лауазымды енгізу мемлекеттік басқару процесін тұрақтандырып, билік иерархиясына қатысты мәселені біржола айқындайды, – деді Ержан Жиенбаев.
Сондай-ақ реформалардың жаңа кезеңінде қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған кең алаң ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды.
Бұл орган Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырып, елдегі негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосатын құрылымдарды өз құрамына енгізбек.
Осы екі негізгі институт бойынша басты ережелер Конституция деңгейінде тиісті түрде реттелуі қажет, – деп атап өтті Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі.
Вице-президентті тағайындау Президент тарапынан Құрылтайдың жалпы депутат санының көпшілік даусымен келісімі алынған жағдайда жүзеге асырылады деп күтіледі. Ал Вице-президентті қызметінен босату да Президент тарапынан жүргізіледі.
Вице-президенттің құзыретіне Қазақстанның халықаралық қатынастардағы мүдделерін таныстыру, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде ҚР Президентінің атынан өкілдік ету мәселелері беріледі.
Вице-президент Президенттің атынан Қазақстанның және шетел мемлекеттерінің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен байланыс орнатады. Вице-президенттің өзге де өкілеттіктерін Президент айқындайды.
Вице-президент өкілді органның депутаты болмауы тиіс, өзге ақы төленетін қызмет атқармауы және кәсіпкерлікпен айналыспауы қажет. Өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде Вице-президент саяси партияда болмауға тиіс. Мұндай тәсіл саяси бәсекені арттыру және барлық партияның дамуына тең жағдай жасау бағытына толық сәйкес келеді, – деді Ержан Жиенбаев.
Ал Халық Кеңесі мәселесіне келсек, оның мәртебесін Конституцияда бекіту үшін арнайы жеке бөлім қарастыру ұсынылды. Атап айтқанда, Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін ең жоғары консультативтік орган екені туралы нормаларды бекіту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оның құрамы ҚР азаматтары арасынан Мемлекет басшысы тарапынан жасақталатыны көрсетілмек.
Халық Кеңесінің негізгі өкілеттіктерін де реттеу көзделіп отыр: мемлекеттің ішкі саясатының басты бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, қоғамдық келісімді нығайту, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты күшейту, мемлекеттің қызмет қағидаттары мен ұлттық құндылықтарды ілгерілету.
Президент Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру қажет екенін айтты. Бұл да Конституцияда тиісті түрде бекітілуі тиіс. Халық Кеңесін құру тәртібі, құрамын қалыптастыру, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері жеке конституциялық заңмен айқындалады. Халық Кеңесі – ең жоғары орган — жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады, – деп түйіндеді Ержан Жиенбаев.
Отырыста өз ұсыныстары мен пікірлерін, ескертпелерін мына тұлғалар да білдірді:
- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапақ – Конституцияның преамбуласын жаңартуды ұсынып, сол арқылы ұлттық мемлекетті нығайтып, республиканың идеологиялық бағытын айқындауды ұсынды;
- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов – алдағы өзгерістердің басым бағыттарын атап өтіп, реформалар саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты;
- Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай – діннің мемлекеттен бөлінетіні туралы тікелей норманы Конституцияда бекітуді ұсынды;
- Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Мырзағараев – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, сот санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарту қажеттігін атап өтті;
- Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев – адам құқықтарының іргелі, әмбебап әрі барлығына бірдей қолданылуы тиіс екенін бекіту қажеттігін айтты: қарттарға да, нәрестелерге де, ерлер мен әйелдерге де, сенушілер мен атеистерге де. Оның пікірінше, негізгі бостандықтар қатарында өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдемеу құқығын тікелей көрсету керек;
- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев – некені тек ер мен әйел арасында болады деп Конституцияда бекітуді ұсынды;
- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов – зияткерлік меншік пен шығармашылық еркіндігін қорғау нормаларын Конституцияда бекітуді ұсынды;
- «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, танымал журналист Дихан Қамзабекұлы – білім беру мен тәрбиелеу жүйесінде зайырлылық қағидаттарын нығайту мәселесін көтерді;
- М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университеті басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев – Конституциядағы терминологиядағы келісілмеген тұстарды жоюды ұсынды;
- ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов – интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конституциялық негіздерді күшейтуді ұсынды;
- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев – азаматтар мен бизнестің жеке меншігін конституциялық деңгейде қорғауды күшейтуді ұсынды;
- Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев – жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режимдерді Конституцияда бекітуді ұсынды.
Алғашқы отырыстың қорытындысын шығара отырып, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасы Эльвира Азимова келесі отырыста Комиссия нақты талқылауға көшіп, жаңа нормалар мен нақты түзетулер бойынша жұмыс бастайтынын айтты.
Айта кетейік, Конституциялық кеңестің келесі отырысы дүйсенбі, 26 қаңтарда өтеді.