Конституциялық бақылау органдары еуразиялық қауымдастығының I Конгресі өтті

Бүгін Астана қаласында «Конституцияның үстемдігі – мемлекеттік егемендіктің, тұрақты дамудың, заңдылық пен құқықтық тәртіптің, адам құқықтарын қорғаудың негізі» тақырыбында Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығының I Конгресі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының конституциялық бақылау органы 2017 жылдан бастап Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етеді.

Қауымдастықтың негізгі мақсаты жалпыға бірдей танылған конституциялық құндылықтарды насихаттау, мүше мемлекеттердің конституциясының үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тұрақты диалог пен тәжірибе алмасуды қолдау болып табылады.

Қазақстан Конституциялық Соты ұйымдастырған Конгресс Қауымдастыққа (Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, РФ, Тәжікстан, Өзбекстан) мүше мемлекеттердің конституциялық соттарын біріктірді.

Конгресс жұмысына Еуразиялық экономикалық одақ Сотының судьялары, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі, ҚР Парламенті қос палатасының депутаттары, ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Әділет министрлігінің, халықаралық қауымдастықтың өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

Конгресс қатысушыларына Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева сөз сөйледі.

Конституционализм идеясына арналған Конгресс Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығын және ҚР Конституциясы күнін мерекелеу қарсаңында өтіп жатыр. Біздің еліміз бұл күнді алғаш рет өткен жылдың маусым айындағы жалпыхалықтық референдумның нәтижелері бойынша жаңартылған Конституциямен атап өтуде. Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғырту үшін қажетті құқықтық негіздерді қалады. Конституциялық реформаның негізгі бағыты президенттік өкілеттіктерді қысқарту және Парламенттің ықпалы мен азаматтардың шешім қабылдау процестерге кеңінен қатысуын, құқық қорғаушы тетіктердің әлеуетін күшейту болды, - деп атап өтті Азимова.

Шараға қатысушылар Конституцияның үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, сондай-ақ қазіргі жағдайда конституциялық бақылауды жүзеге асырудың тиімділігі мәселелерін талқылады.

Елдің Конституциясы мемлекетті ұйымдастырудың негіздерін анықтап қана қоймай, әр азаматтың күнделікті өміріне әсер ететін заңдылықты қамтамасыз етудің кепілі болып табылады.

ҚР Конституциялық Соты I Конгреске қатысушыларға Еуразиялық қауымдастықтың «Конституциялық сот төрелігі» Жаршысының кезекті шығарылымын таныстырды.

Басылымға еуразиялық кеңістіктегі конституциялық соттар судьяларының мақалалары, конституциялық іс жүргізу қорытындылары бойынша қызықты шешімдер, сондай-ақ конституциялық соттар қызметінің соңғы жаңалықтары енгізілді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы