Конституциялық кеңес қосымша қаулы қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің "Қазақстан Республикасы Конституциясының 71-бабы 3-тармағы екінші абзацының нормасын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2011 жылғы 16 наурыздағы №3 нормативтік қаулысына түсіндірме беру туралы өтініші бойынша Конституциялық Кеңестің отырысы өтті.
Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми отырысты аша отырып, аталған өтініште Кеңес мүшелерін тағайындау тәртібін нақтылау жөнінде сұрақ қойылғанын атап өтті.
Кеңес құрамы Парламент сенаты, мәжілісі, Бас прокуратура мен Әділет министрлігі өкілдерінің пікірлерін тыңдады.
Сарапшы ретінде заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.Д. Бұсырманов өз қорытындысын ұсынды.
Конституциялық Кеңес берген қосымша түсіндіруге сәйкес, Кеңес мүшелерін мерзімді ротациялау конституциялық бақылау органының қызметіндегі ауыспалылық пен сабақтастықтың оңтайлы үйлесімділігіне қол жеткізудің бір құралы болып табылады. Көрсетілген принциптер оның алқалы мемлекеттік орган ретіндегі қызметінде маңызды рөл атқарады. Конституциялық Кеңес мүшелерін тағайындау тәртібі мен өкілеттік мерзімдері Кеңес пен оның мүшелері арасындағы өзара қарым-қатынастарда ұйымдастырушылық тұтастықты және олардың ретке келтірілуін қамтамасыз етуі тиіс, - делінген Конституциялық кеңес таратқан ақпаратқа сәйкес.
Кеңес анықтағандай, жалпы ереже бойынша Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысын Негізгі Заңның 71-бабы 3-тармағы екінші абзацының тәртібімен кезекті жаңарту олардың алты жылдық өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Кеңес мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда бос лауазымға тағайындалатын адамға өкілеттіктер алты жылдық цикл аяқталғанға дейін қалған мерзімге беріледі.
Қосымша қаулының толық мәтіні басылымдарда және Конституциялық Кеңестің интернет-ресурсында жарияланады.