Конституцияға енгізілетін түзетулер туралы жалған ақпарат тарады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Telegram-чаттарда 5 маусымда өтетін республикалық референдум барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасының барлық мүшесінің құқығына қол сұғылмауына кепілдік беретін және азаматтардың салығы есебінен Назарбаев отбасын өмір бойы асырауға мүмкіндік беретін түзетулер қабылданатыны туралы ақпарат тарады.
Бұл - жалған.
Әділет министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
– Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасына сәйкес үш норманы өзгерту ұсынылды:
1) 42-баптың 5-тармағының екінші бөлігі алып тасталады, оған сәйкес бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
2) 46-баптың 4-тармағы алып тасталады. Онда Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттіктері Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалатыны жазылған.
Қазіргі уақытта Тұңғыш Президенттің құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» жеке Конституциялық заңмен реттеледі. Тұңғыш Президентке және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке қол сұғылмаушылық аталған Конституциялық заңда белгіленген.
Өз кезегінде, аталған норма Конституциядан алып тасталған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасын Конституция нормаларына сәйкес келтіру үшін осы заңды жою қажет болады.
3) Тұңғыш Президенттің аталуы Конституцияның 91-бабының 2-тармағынан алып тасталады.
Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкес Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді.
Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты аталған ережелерді алып тастау ұсынылды.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне және оның отбасына жаңа кепілдіктер беруді көздемейтінін хабарлаймыз. Керісінше, Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасында Тұңғыш Президент мәртебесіне қатысты барлық нормаларды алып тастау ұсынылды, – делінген министрліктің StopFake.kz-тің сауалына берген жауабында.
Демек, Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық отбасы мүшесін ел азаматтарының салықтары есебінен ұстауға кепілдік беретін түзетулер референдумға шығарылатыны туралы тараған ақпарат – фейк.