Конституция жобасына қатысты пікірталастар жоғары деңгейде өтті – депутат
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Жаңа Конституция жобасы бойынша жарты жылдық жұмыс туралы айтып, құжатты әзірлеуге «Ақ жол» партиясының белсенді қатысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол Конституциялық комиссия отырысында айтып, ұсыныстарды талқылауға ашықтық пен дайындық болғанын атап өтті.
Комиссия мүшесі ретінде пікірталастардың кәсіби, жауапты әрі терең деңгейде өткенін ерекше айтқым келеді. Отырыстар тікелей эфирде көрсетілді. Осы уақыт ішінде «Ақ жол» партиясы бизнес құқықтарын қорғау, меншікке кепілдік беру, банк және коммерциялық құпия мәселелерін қамтитын 50-ден астам түзету ұсынды, – деді Азат Перуашев.
Депутаттың айтуынша, бұл түзетулер Конституциядағы өзге де жаңашыл нормалармен бірге кәсіпкерлердің құқықтарын тиімді жүзеге асыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және жеке бизнесті дамытуға жағдай жасайды.
Оның пікірінше, енгізілген өзгерістер заңды кәсіпкерлік құқықтарды ілгерілетуге оң ықпал етіп, елде бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырады.
Айта кетейік, бүгінгі Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның ХІІ отырысында жаңа Ата заң жобасын рефендумға шығару ұсынылды.