Конституция – Ұлы даланың әрбір жетістігі мен табысының кепілі - Сенат депутаты
Алматы, BAQ.KZ. Еліміздің Ата Заңы жаңа Қазақстан жетістіктерінің берік кепіліне айналды. Тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатының артуына қол жеткізіп, елімізде тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қалыптастырдық. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков мәлімдеді.
Әкімшілік және құқықтық реформалар, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, әлеуметтік жаңғырту – мұның бәрі берік конституциялық негізде жүзеге асырылған және халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі ұлғайтуға бағыталған шаралар. Біздің сыртқы саясаттағы жүйелі бастамаларымыз Қазақстанның халықаралық беделінің ұдайы өсуін қамтамасыз етуде.Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясын қабылдады. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Ынтымағы жарасқан Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды, - дейді депутат.Оның айтуынша, сол тұста Нұрсұлтан Назарбаев Президент ретінде Конституцияның сенімді кепілі бола тұра азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мемлекет құру бағытын берік ұстанды.
Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген конституциялық нормалар бүгінде қоғамдық өмірімізбен бітеқайнасып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Негізгі Заңның қағидаттары Қазақстанның тұрақты дамуына құқықтық негіз қалап, азаматтардың әл-ауқатын жақсартудың кепілі болып отыр. Біздің алдымызда, ең алдымен, индустриалық-инновациялық дамуға және жаңа әлеуметтік саясатты баянды етуге бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі аса маңызды міндеттер тұр, - дейді ол.Конституциямыздың мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сондай-ақ жеке өзіміз, отбасымыз бен балаларымыз үшін маңыздылығын әрқайсымыз жете түсініп бағалауымыз қажет. Сондықтан әрбір азамат конституциялық құқықтарын біліп, сол заңдардың талаптарына бағынуы керек. Ата Заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір азаматтың құрметті парызы және қасиетті міндеті.
Тәуелсіздік пен Ата Заң – егіз ұғым. Егемен ел болмай, Конституция жазылмайды, ал Ата Заңсыз азаттықты елестету мүмкін емес! Өйткені адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, демократиялық құндылықтар Негізгі Заңымыздың басты қағидаттары мен ұстанымы болып табылады және оның кемелділігін айғақтайды. Ата Заңы қуатты елдің болашағы шуақты. Тамыры тереңге тартқан «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысының» жалғасындай болған Конституция – Еуразия жүрегіндегі Ұлы даланың әрбір жетістігінің, әрбір табысының кепілі. Бір кездегі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: "Ұлы далада жаңа тұрпатты қуатты мемлекет құрып, ұлысты ұйыстырдық ...Сондықтан біз баянды істеріміздің бастауы болған бас құжатымызды ардақтауымыз керек", – деуінің терең мәні бар. Конституцияны бұлжытпай орындау әрі оның қағидаларын табысты жүзеге асыру – ортақ міндетіміз. Ата Заң – Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Азаттықтың бойтұмары да, алтын таразысы да – Ата Заң, - дейді Еділ Мамытбеков.Сонымен қатар, ол Ата заңымыз – ел тыныштығының кепілі екенін айтады.
Мәселен кешегідей өтпелі кезең республика Президентін сайлау кезінде сол Ата заңымыздың қаншалықты маңызды екенін көпшілік түсінді. Бір адамнан екінші адамға билік ауысар кезде небір дүрбелеңдер болатыны рас.Тіпті кейбір елдерде сол жанжалдың арты үлкен қақтығыстарға да ұласып кетіп жатқанын көзіміз көріп отыр. Біздің елде билік ауысу, біріншіден, жоғары деңгейде, мәдениетті өтті, екіншіден, қақтығыссыз бейбіт жолмен берілді. Жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік саясаттың сабақтастығын сақтай отырып, елдің даму жолын сенімді, салиқалы түрде жалғап келеді. Міне осы іргелі өзгерістердің барлығын еліміз Ата заңымызға арқа сүйеп отырып іске асырды. Сондықтан Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі, оның дамуындағы орны елеулі, - дейді депутат.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
30 адамды өрттен құтқарған полицей марапатталды
Өзгелердің жаңалығы