Бүгiн 2026, 11:10 Фото: видеодан кадр

Конституция – еліміздің берік негізі болады - Айдос Сарым

Елордада "Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер" атты партияаралық диалог өтіп жатыр.

"Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер" атты партияаралық диалог барысында "AMANAT" партиясы саяси кеңесінің мүшесі Айдос Сарым елімізге мұнайға емес, адамның энергиясына негізделген экономика қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дебатта алғашқы болып сөз алған Айдос Сарым Конституция не үшін керек екенін қарапайым үш сөз тіркесімен түсіндірді. Ол – азат болу, ол – қазақ болу, ол – асқақ болу.

Егер еліміз азат болмаса, елімізде тұтастығымыз болмаса, егемендігіміз болмаса, біздің бүгінгі зарымыз, мұңымыз, мұратымыз, жырымыз кімге керек? Сондықтан Конституцияда еліміздің егемендігі, еліміздің тәуелсіздігі, мемлекетіміздің нығаюы басты принцип, басты қағидат ретінде шегеленіп бекітіліп отыр, - деді ол.

Сондай-ақ азат елге азат азаматтар қажет екенін айтып, болашағымыздың нақты бағытын айқындайтынын жеткізді.

Біз тұңғыш рет Конституциямызда инновация, білім, ғылым мәселесін мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде таныдық. Біз Конституциямызда алғаш рет цифрлық құқықтарымызды бекіттік. Біздің күнделікті өміріміз қалай қорғалса, цифрлық өміріміз де солай қорғалуы керек деп есептейміз, - дейді депутат.

Оның сөзінше, оының барлығы біздің елдің болашақ бағыт-бағдарын, қайда дамитынын айқындайтын дүниелер.

Бізге нақты бизнес керек, бізге азаматтардың белсенді ойы мен еңбегі қажет. Осы арқылы ғана біз елімізді дамыта аламыз. Конституцияда осы себепті адамның үйі, мүлкі, кәсіппен айналысу құқықтары жақсы қорғалған. Бұның бәрі бір нәрсені меңзейді: бізге мұнайға емес, адамның энергиясына негізделген экономика қажет. Жаңа замандағы бәсекелестік бұрынғыдай әскери күшпен ғана өлшенбейді, - деп атап өтті Сарым.