Конституция - 30 озық елдің қатарына қосылудың темірқазығы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ата заң - елдің бас құжаты. 30 тамыз - елдің бас құжатына 25 жыл. Осыған орай, заң ғылымдарының докторы Жамаладин Ибрагимовпен әңгіме өрбіткен едік.
Тілші: Конституция - еліміздегі басты құжат. Құжаттың ел тарихындағы маңыздылығы туралы айтып берсеңіз.
Жамаладин Ибрагимов: Конституция дегеніміз - латын тілінен аударғанда «құрылым», «құрамын», «негіздеймін» дегенді білдіреді. Сондықтан ол мемлекеттегі ең негізгі заң болып табылады. Әрине, қазақ елінің тарихындағы Конституцияның маңызы өте зор. Конституцияға сәйкес, мемлекеттің негізгі құрылымы мен басқарылуы, онда тұратын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына арналған ұстанымдар мен нормалар бекітілген. Қазақ елі мемлекет болғаннан бері көшпелі мемлекеттің дала өркениетінің Конституциясы деген атқа ие болған Тәуке ханның «Жеті жарғысын» сол кезеңнің Конституциясы деп атауға болады. Себебі, ол кезеңдегі мемлекеттік құрылым мен азаматтардың еркіндігі мен құқығын, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты, ең бастысы, қоғамдағы үйлесімдік пен тұрақтылықты реттеп отырған басты заң болды. Сондықтан «Жеті жарғыны» дала өркениетінің, көшпелі мемлекеттің басты заңы деп айтуға болады. Бүгінгі Конституцияның да ел тарихындағы маңызы өте зор. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері 1993 жылдың 28 қаңтарында егеменді елдің алғашқы Конституциясы қабылданды. Ол 21 бөлім, 131 баптан тұрды. Сол кездің өзінде Қазақстан өзін әлемдік қауымдастықтағы халықаралық нормаларға сай мемлекет ретінде жариялаған болатын. Қолданыстағы 1995 жылдың 30 тамызында халықтық референдумда қабылданған Конституция мемлекеттің құқықтық дамуы мен өз алдына мақсат қойып, барлық көрсеткішінің қарқынды дамуындағы маңызы өте зор деп айтуға болады.
Тілші: Конституцияға өзгерістер енгізіліп тұрады. Өзгерістер Ата заңды жетілдіре түсе ме? 30 жылға жуық уақытта есте қалған конституциялық реформалар туралы айтып берсеңіз.
Жамаладин Ибрагимов: Конституциялық реформалар мен оған өзгертулер мен толықтырулар енгізу әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдістердің бірі. 1993 жылғы Конституция 21 бөлім, 131 баптан тұрса, 1995 жылғы құжатта 1130-ға жуық өзгеріс пен толықтыруға ұсыныстар берілгені белгілі. Конституциялық реформалардың құқықтық дамуда алатын орны өте зор. 1998 жылы болған конституциялық реформаны ерекше атап өтер едім. Ол кезеңде Конституцияның 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол Президенттің құзыретіне, Сенат пен Мәжілістің құзыреті, мемлекеттік қызмет атқарудың шектік тәртібіне, Мәжілістің 10 депутаты партиялық тізіммен сайланатыны және пропорционалдық өкілдік болатыны туралы өзгерістер енді. Ал 2007 жылғы 7 қазандағы өзгерістерге өлім жазасы – жазаның ең ауыр түрі ретінде лаңкестік қылмыс үшін белгіленді. Сонымен қатар, бұл кезеңде Парламент палаталарының бір мезгілде таратылмайтыны жайлы өзгерістер мен толықтырулар болды. Облыс әкімдеріне, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда әкімдеріне қатысты өзгерістер енді. Осы жылдары Қазақстан халқы ассамблеясы Конституцияға институт ретінде енгізілгенін білеміз. Тағы бір үлкен өзгеріс – аса ауыр қылмыстарды қарап жатқан алқа билер сотының енгізілгені. Осы өзгерістерді 30 жылда болған, есте қаларлық өзгерістер мен толықтырулар деп айтуға болады.
Тілші: Әлем елдерінің конституциялық тәжірибесі туралы не айта аласыз? Конституциясы жоқ елдер де кездеседі ғой?
Жамаладин Ибрагимов:Әлем елдерінің конституциялық тәжірибесі, әрине, өте қызық. Егер де әлемде 193-ке жуық мемлекет бар дейтін болсақ, Конституциялық құқықтың қабылданған тұжырымдамасына сәйкес, Конституцияларды қатты және жұмсақ, жазылған және жазылмаған деген бірнеше жікке бөледі. Ең алдымен АҚШ Конституциясын айтады. Оған 27 өзгеріс енгізілген. Одан кейін Финляндия мемлекетінің Конституциясын айтуға болады. Әлемде өзгерістер мен толықтыруларға арналған қатаң ережелердің болуына байланысты өзгертілмей қалған Жапония мемлекетінің 1947 жылы қабылданған Конституциясын, 1953 жылы қабылданған Данияның Конституциясын айтуға болады. Конституцияның өзгерістерін айтатын болсақ, Израиль, Монако, Үндістан, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясының Конституциялары жұмсақ деп аталады. Бұл мемлекеттерде Конституцияға енгізу туралы мәселе ешқандай күн тәртібінде тұрмайды. Өзгерістер мен толықтыруларға қатаң тәртіп енгізген мемлекеттерің Конституцияларына өзгертулер енгізіле бермейді. Кейбір мемлекет Конституциясына өзгертулер енгізу үшін арнайы рәсімдер өткізетінін де айтуға болады. Сонымен қатар, әлемде жазылмаған Конституциясы бар мемлекеттер кездеседі. Олардың қатарына Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Израиль кіреді. Бұл мемлекеттерде бізде сияқты белгілі бір жүйеге енгізілген бөлімдері мен нормалары бар арнайы бір ғана заң жоқ. Бұл жерде Конституцияның рөлін сот тәжірибесінде қабылданған шешімдер, әдет-ғұрыптардың құқықтық жүйесі немесе құқықтық доктриналар атқарады. Жазылмаған конституциялық нормалар мен заңдар немесе принциптер осы мемлекеттердегі негізгі заңның рөлін атқарады. Ең басты мәселе - мемлекетте белгілі бір жүйеге келтірілген саяси құқықтық құжаттың болуында емес, ең басты мәселе – сол мемлекеттің дамуына әсер ететін заңдардың өз дәрежесінде жұмыс істеуі. Азаматтардың құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанын толығынан тани білу конституциялық дамудың мүмкіндігі көп деп ойлаймын.
Тілші: Конституция 30 озық елдің қатарына қосылудың факторы дейді. Елдің даму жолында Ата заңның маңызы қандай?
Жамаладин Ибрагимов: Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу эволюциясын қарайтын болсақ, дамыған елдің қатарына Оңтүстік Корея, Сингапур, Норвегия елдері енген. Бұл мемлекеттердің тәжірибесіне келетін болсақ, 30 озық елдің қатарына қосылуға сәйкес, ең басты стратегиялық бағыттарын белгілі бір мемлекеттің әлеуетіне байланысты бағыттарды дамытып отыр. Конституция да біздің 30 елдің қатарына қосылудың басты факторы деп айтуға болады. Озық елдің қатарына қосылу үшін 5 үлкен стратегиялық бағытты атап өтуге болады. Ең алдымен, адам капиталын дамыту. Біздің Конституциямызда бірінші бабында «мемлекетіміздің басты құндылығы – адам, оның денсаулығы мен бостандығы» деп жазылған. Екінші – институционалдық ортаны дамыту. Яғни, бизнесті, мемлекеттегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру деген сияқты. Бұған байланысты 2017 жылы 10 наурызда Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар өз мүмкіндігін көрсетіп отыр. Ғылымға тиесілі экономиканы дамыту белгілі бір кезеңдерге сәйкес, болашақ дамуда экономиканы ғылыммен байланыстыра отырып дамыту. Ұлттық инновациялық жүйені дамыту, инфрақұрылымды жаңғыру мен энергиятиімділікті көтеру болса, бесінші халықаралық интеграция мәселесі болып отыр. Бұл мемлекетіміздің мультивекторлық сыртқы саяси дипломатиясын миграциялық саясатын дамытуға алып келеді. Конституцияның 8-бабында жазылған: мемлекет барлық мәселені тек бейбіт жолмен шешеді. Конституция 30 озық елдің қатарына қосылуда басты темірқазық бола алады.
Тілші: Қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтасаңыз.
Жамаладин Ибрагимов:Барша қазақстандықты мемлекетіміздің ең басты мейрамдарының бірі – Конституция күнімен құттықтаймын. Бұл мейрамның маңызды болуының себебі, біздің елдің барлық бағдарын анықтайтын темірқазық – мемлекеттің Ата заңы. Мемлекетіміздің барлық азаматы осы Ата заңның барлық бабын толық түйсініп, қажеттілігіне қарай пайдаланып, құрметтеуіне тілектеспін. Барша қазақстандыққа мықты рух тілеймін. Конституцияның әрбір әрпін, әрбір бабын, нормасын әр азамат өз отбасына, мемлекетіне, қоғамына сәйкес қолдана білсін. Мереке тағы да құтты болсын! Қуанышты күндер көп болсын!