Конституция күні қарсаңында Көкшетауда амфитеатр ашылды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Жоғары жетістіктері мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін отызға жуық ақмолалық ҚР Конституциясы күні қарсаңында алғыс хаттар, медальдар және төсбелгілермен марапатталды.

Мереке қарсаңында Көкшетау қаласындағы сауда үйінің аумағында Көкшетау тұрғындары үшін жаңа демалыс нысаны – амфитеатр ашылды.

Жоба Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде іске асырылды. Сонымен қатар, осы аумақта «Үйір жылқы» және «Ғашықтар алаңы» атты мүсіндік композициялар пайда болды.

Салтанатты шарада Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан ақмолалықтарға мерекелік медальдар мен алғыс хаттарды табыс етті.

Конституция Күні қарсаңында еліміздің Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық салаларындағы жетістіктері ерекше мәнге ие. 30 жыл бойы егемендікті бекітіп, мемлекетті нығайта отырып, біз тарихтағы қиын да қайғылы сәттерге қарамастан, тәуелсіздікті, бірлікті және өркендеуді сақтау туралы арманымызды жеткізе алған ата-бабаларымыздың ұмтылыстарын растадық. Бүгінде Қазақстан халқы осы дәстүрді жалғастыра отырып, өзін еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп мәлімдейді. Конституция Қазақстанның мемлекеттік егемендігін, демократиялық принциптерін бекітіп қана қоймай, елдің одан әрі дамуының бағыттарын да айқындады, - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі еліміздің және Ақмола облысының басты жетістіктерімен бөлісті. Мәселен, биыл баршамыз демократиялық сайлаудың конституциялық құқығын қамтамасыз ететін бірқатар маңызды саяси оқиғалар мен реформалардың куәсі болдық. Қаңтарда парламенттік сайлау өтті, ал шілдеде Қазақстан тарихында алғаш рет аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «біздің басты Заңымыз уақыт рухына, азаматтардың өзекті сұраныстарына сәйкес келеді және саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық қатынастарды одан әрі эволюциялық қайта құру үшін қуатты жасампаз әлеуетке ие», - деп атап өтті. Мемлекет басшысының осы мәлімдемесі аясында, өмірдің барлық салаларында біз өзімізге жоғары талап қоямыз және мақсатты түрде алға қойған мақсаттарға жетеміз деген сенімдемін, - деді Ермек Маржықпаев.

Мереке қарсаңында 200 отбасы «Нұрлы жер»бағдарламасы бойынша салынған пәтер кілттеріне ие болды.

Мемлекеттік мереке қарсаңында 200 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған пәтер кілттеріне ие болды. Жыл соңына дейін облыс бойынша 700 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 100 мыңға артық. Биыл Целиноград ауданының Қоянды ауылында, Красный яр ауылының Нұрлы көш кентінде үш балабақша және облыс орталығының Көктем шағын ауданында жалпы саны 720-дан астам орындық қозғалысы шектеулі жандарға арналған балабақша салуға қаражат бөлінді. Сонымен қатар, 730 орындық сегіз мектепке дейінгі ұйымды ашу және 320 орындық он ұйымды кеңейту жоспарлануда, - деді өңір басшысы.

Баспанаға ие болғандар арасында халықтың әлеуметтік осал топтары, көпбалалы аналар мен дәрігерлер бар.

Он алты жыл тұрғын үй кезегінде тұрдым. Көп қиындық көрдік. Бүгін біз сезінетін қуанышты жеткізу мүмкін емес! Керемет толқу үстіндемін. Үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Барша қуаныш иелерін қоныс тойларымен құттықтаймын! - деп қуанышымен бөлісті көпбалалы ана Алтын Ахметова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы