Конькимен жүгіруші Надежда Морозова әлем чемпионатында үздік ондыққа енді
Оның қорытынды көрсеткіші – 160.435 ұпай.
Надежда Морозова Нидерландтың Херенвен қаласында өткен конькимен жүгіруден классикалық көпсайыс бойынша әлем чемпионатында үздік ондықтың қатарына кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасының өкілі 500 метр қашықтықта үшінші нәтиже көрсетіп, жарысты сәтті бастады. Кейін 3000 метр қашықтықта оныншы болып мәреге жетті.
1500 метрлік жарыста Морозова алтыншы орын алып, 24 спортшының арасынан үздік сегіздікке енді. Осы нәтижесінің арқасында ол 5000 метр қашықтықтағы финалдық кезеңге жолдама алды.
5000 метрде қазақстандық спортшы жетінші орынға тұрақтап, әлем чемпионатын жалпы есепте жетінші орынмен аяқтады. Оның қорытынды көрсеткіші – 160.435 ұпай.
Әлем чемпионы атағын норвегиялық Рагне Виклунд (157.457 ұпай) жеңіп алды. Күміс медаль нидерландтық Марейке Груневаудке (158.086) бұйырды. Ал жапониялық Михо Такаги қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, көпсайыс нәтижесі барлық қашықтықтағы көрсеткіштер бойынша жиналған ұпайлар арқылы анықталады. Ең аз ұпай жинаған спортшы жеңімпаз атанады.