Конгодағы қауіпті індет: ЕО шұғыл түрде 100 тонна көмек жіберді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде індет жұқтырудың 452 жағдайы расталып, оның 82-сі өліммен аяқталған. Аурудың негізгі ошағы Итури провинциясында орналасқан.
Еуропалық одақ Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы қауіпті вирустық індет ошағына шамамен 100 тонна шұғыл гуманитарлық көмек жөнелтті. Көмек гуманитарлық әуе көпірі арқылы жеткізілді.
Жүк құрамына дәрі-дәрмек, шатырлар және медицина қызметкерлеріне арналған жеке қорғаныс құралдары кірген. Көмек өңірдегі күрделі логистикалық жағдайға қарамастан жеткізілген.
ДР Конгоның шығыс аймақтарында жолдардың нашарлығы мен қарулы топтардың белсенділігі гуманитарлық және медициналық қызметтердің жұмысын қиындатып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде індет жұқтырудың 452 жағдайы расталып, оның 82-сі өліммен аяқталған. Аурудың негізгі ошағы Итури провинциясында орналасқан.
Қазіргі таңда ДДҰ мен Африканың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы індеттің таралуын тоқтату үшін алты айлық іс-қимыл жоспарын іске асыруда. Бағдарлама эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді, зертханалық диагностиканы дамытуды және алдын алу шараларын кеңейтуді көздейді.